ШҚО-да дәрігерлері жол апатына түскен әйелге бірнеше күрделі ота жасады

ШҚО дәрігерлері жол апатына түскен әйелге күрделі оталар жасап, өлімнен алып қалды, деп хабарлайды OkSemey.kz.

49 жасар Ақсуат ауылының тұрғыны өткен жылдың желтоқсан айында көлік қағып, ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Облыстық аурухананың ортопедия бөлімінің дәрігерлерінің айтуынша пациенттің сүйектерінің сау-тамтығы қалмаған.

«Соққының салдарынан ол политравмалық жарақаттар алған — арқа, мойын, омыртқа, иық, жамбас сүйектері сынған», — деп бөлісті ШҚО ауруханасы ортопедия бөлімі меңгерушісі Думан Бакербеков.

Науқасқа кезең-кезеңмен бірнеше ота жасалды. Бір аптаға созылған дайындықтан кейін ең алдымен иық сүйегіне отсеосинтез жасалып, сүйек ішіне бекітуші штифт орнатылды. Бұл өз кезегінде, пациенттің ерте оңалуына ықпал етті. Кйінгі кезекте аса күрделі ота — жамбас сүйектеріне жасалды.

«Әдетте, жамбас сүйектерін консервативті түрде емдейтінбіз, бірақ бұл жағдайда ота қажет болды. Біз жамбас сүйегінің ішкі ұңғылына ашық отсеосинтез отасыарқылы реконструктивті пластинаны орнаттық. Өте ауқымды ота болды, себебі майдаланып қалған сүйек сынықтарына ешбір тамырға зақым келтірмей жетіп репозиция жасауымыз қажет болды. Бірнеше сағатқа созылған ота сәтті өтті, кейін компьютерлік томография сүйектердің жиналғандығын көрсетті», — дейді Думан Бакербеков өз сөзінде.

Осындай жоғарытехнологиялы көмектің арқасында қазір науқас тез оңалып келе жатыр, жуырда ауруханадан шығады, дейді мекемеде. Алдағы уақытта Оңалту орталығында қажетті ем-шара қабылдайтын болады.

Бір айдан астам уақыт аурухана қабырғасында болған пациентке барлық қызмет МӘМС аясында жүргізілгендігін атап өту керек.

OkSemey.kz

Related Articles