Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз мерекесі қарсаңында Семейдің аймақтық коммуникациялар қызметінде ерекше баспасөз-конференциясы өтті
Халыққа тамаша көңіл-күй мен жүрекжарды тілектерін ала келген Шығыс Қазақстан облысының Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрының әртістері болды, деп хабарлайды OkSemey.kz.
Қазіргі уақытта өнер ұжымы жас көрермендер үшін қойылымдарын сахналауда. Ұрпақ тәрбиелеуде жақсы мен жаманның ара-жігін ажыратып, жақсылыққа жол бастайтын адами қасиеттерді дамыту басты назарда болуы қажет. Бұл ретте, театр ұжымы балаларға арналған “Жақсылық пен жамандық” атты ертегіні қоюда. Авторы Иран-Ғайып, ал режиссері ҚР Еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Сағызбай Карабалин. Балалардың шынайы күлкісі біз үшін аса маңызды, дейді әртістер.
- Біріншіден, барша қазақ елін жылдың басы-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мейрам салт-дәстүрімізді, қадір-қасиетімізді, қонақжайлығымызды, тәрбие мен өнегемізді танытатын ұлық мереке. Осыған орай, театрымыз жас көрермендерімізді қойылымдарымен, ертегілерімен қуантуда. Өздеріңіз білетіндей, елдегі коронавирустық ахуалға орай жұмысымыз тоқтап қалған еді. Биыл Наурызымыз тойланып, қуанышқа бөленіп жатырмыз. Мейрамның символы ол -Қыдыр Ата. Сол себепті бүгін осы кейіпте келіп отырмын,- деді театр әртісі Бекзат Омашев.
Баспасөз мәслихатынан кейін театр әртістері қалалық орталық кітапхана қызметкерлерінің жайған дастарханынан дәм татып, Қыдыр Ата батасын беріп, ән шашуларын тарту етті.
- Құрметті жерлестер, ортақ мерекеміз құтты болсын! Бұл жыл мол ырысымен келсін! Театр әртістері біздер халықтың ықыласына бөленіп, тамаша қойылымдарымызды паш етуге әрдайым дайынбыз. Бүгінде жас көрермендермен қатар, үлкен кісілерге арналған қойылымдарымыз да сахналануда. Бізге ерекше шабыт сыйлатын ол -халық. Сол себепті, баршаңызды театрымыздың спектакльдерін тамашалауға шақырамын,- деді ҚР Мәдениет қайраткері Шолпан Мұхамбетова.
OkSemey.kz