«Жаңа Қазақстанның» бағдары Абай философиясымен толық үндеседі – Ерлан Қошанов

«Жаңа Қазақстанның» азаматы Абай айтқан бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болуы керек. Демек, Президенттің көзқарасы ұлы ойшылдың философиясымен толық үндеседі. Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарын Семей жұртшылығымен кездесуден бастаған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осындай ой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ерлан Қошанов ел тағдырын айқындайтын мақсат-міндеттерге тоқталып, ол жалпыхалықтық референдумнан басталатынын атап өтті. Мәжіліс төрағасы «Жаңа Қазақстанның» келешек келбеті жайлы ойымен бөлісті.

«Расымен де, Жаңа Қазақстан дегеніміз не? Қазір ең жиі қойылатын сұрақ осы. Президент жуырда бұған нақты жауап берді. «Ол – Әділетті Қазақстан», – деп дөп басып айтты. Ал, «жаңа қазақстандық» қандай болуы қажет? Мұны осы топырақта туған ұлы Абай бір жарым ғасыр бұрын айтып кеткен. Ол – бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болуы керек. Қарап отырсаңыздар, Абай философиясы Президентіміздің «Жаңа Қазақстан» туралы көзқарасымен толық үндесіп тұр. Сондықтан, жастарды білімге, еңбекке баулу, осы бес қасиетті бойына сіңіру маңызды», – деді Палата спикері.

Мәжіліс төрағасы Президент реформаларының жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, алдағы уақытта Парламенттің рөлі күшейетініне, еліміздің сайлау жүйесіне де бірқатар өзгерістер болатынына мән берді. Әсіресе, әкімдер сайлауы – көпшілікті қызықтыратын тақырыптардың бірі екеніне назар аударды.

«Бұл тақырып ел арасында жиі айтылып жүр. Біз оған кезең-кезеңмен келе жатырмыз. Былтыр елімізде 1 мыңға жуық ауыл әкімін халықтың өзі сайлады. Келер жылы аудан әкімдерін сайлауға кірісеміз. Алдағы кезеңдерде бүкіл ауыл, аудан, қала әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады. Облыс басшыларын тағайындау мәселесіне келер болсақ, бұрын Президент ұсынған жалғыз кандидат 20-30 облыстық мәслихат депутатымен келісілетін. Енді Мемлекет басшысы тарапынан кем дегенде екі үміткер ұсынылады. Оны барлық деңгейдегі мәслихаттар, аудан, қала, облыс депутаттары таңдайтын болады», – деді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазір елімізде ауқымды өзгерістер болып жатқанын айтып, өңір халқын Абай облысының құрылуымен құттықтады.

«Семей – Алаш арыстарының басын қосқан қазақ руханиятының қара шаңырағы. Сондықтан, тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, аумақтық жағынан, халық саны жағынан алсақ та, әділ шешім болды деп ойлаймын. Ендеше, сіздерді сол тарихи әділеттіліктің орнауымен шын жүректен құттықтаймын. Абай өңірі, Семей жері тарихтың жаңа парағын ашты. Біз Абай облысының шаңырағын халқымызбен, Президентімізбен бірге көтереміз. Осы істе Парламент Мәжілісі, «AMANAT» партиясы да сіздермен бірге болады», – деді.

Мәжіліс төрағасы Семей қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханасы ұжымымен кездесті. Еліміз бойынша қабырға материалдарын шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі – «Силикат» зауытында болды. Мүгедектерге арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысымен танысты. Сондай-ақ, Абай ауданындағы Қарауыл ауылына барды.

«Елімізде Қарауылды білмейтін қазақ жоқ шығар. Бұл – адамзатқа ғұлама Абайды сыйлаған қасиетті топырақ. Осында сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. «Жаңа Қазақстан» құруға бағытталған Мемлекет басшысының саяси реформалары төңірегінде өздеріңізбен әңгімелесу үшін арнайы келдім. Президент ел тағдырын – қалың жұрттың өзі шешкенін қалап отыр. Осынау жауапты кезеңде халық пен билік біртұтас болуымыз керек. Осы жолды Мемлекет басшысына қолдау білдіріп, референдумға бір кісідей атсалысуға, тарихи таңдау жасауға шақырамын», – деді Ерлан Қошанов.

Кездесуге келген зиялы қауым өкілдері Абай ауданы жұртшылығының реформаларды жақсы қабылдап жатқанын және оның маңызын ескере отырып, алдағы референдумға атсалысатындарын айтты.

«Бұл реформалардың бәрі халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап береді. Біз оны жақсы түсінеміз. Елдің иесі, жердің иесі – халық деген сөз жүрегімізге жақын тиді. Президентіміз жұмысқа кіріскен күннен бастап осы демократиялық процестердің жүзеге асуын сөз етіп жүр. Біз оны толық қолдаймыз», – деді Абай ауданының құрметті азаматы Амантай Мұқатаев.

Кездесуде Президентке Абай облысының құруға ұйытқы болғаны үшін күллі аудан атынан алғыс та айтылды.

«Облысымыз құрылып жатыр. Зор мақтанышпен, үлкен үмітпен қарап отырмыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына біздің сәлемімізді жеткізіңіз. Абайлықтар мен Абай ұрпақтары шексіз алғысын білдіреді», – деді Абай ауданының құрметті азаматы Төлеген Жанғалиев.

Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Қарауылда орналасқан Абай атындағы мектеп-гимназиясын аралап, мұғалімдермен және оқушылармен кездесті.

Айта кетейік, Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов фракция жиналысын өткізіп, саяси реформалар аясында депутаттар алдындағы жаңа міндеттерді айқындаған болатын.

Abai Aqparat.kz

Related Articles