Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің сарбаздары ант қабылдады

Салтанатты іс-шара еліміздің түрлі өңірлерінде орналасқан ӘШҚҚ әскерлерінің, сондай-ақ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде өтті. Отанға адал болуға мыңға жуық жас сарбаз ант берді. 

Ақмола облысында салтанатты рәсімге келген жас сарбаздар мен қонақтар аудандық мәдениет үйінде жиналып, Әуе қорғанысы күштерінің басшылығы, жергілікті атқарушы органдар мен қоғам өкілдері ізгі тілектерін білдірді.

– Бас қолбасшының және жеке өзімнің атымнан қызметтеріңе сәттілік тілеймін. Осындай Отан қорғаушыларды тәрбиелегені үшін ата-аналарына алғысымды айтқым келеді. Балаларыңыз конститутциялық парызын абыроймен орындап, үйлеріне мықты, шымыр, туыстары мен жақындарына сенімді тірек бола алатын нағыз Отан қорғаушы болып оралатынына сенімдімін, – деді Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Әлім Ибраев.

Ағайынды Магасум мен Шәміл Гильмановтар Қарағанды гарнизонының әскери бөліміне Алматы облысынан келген. Олар үшін күнделікті тіршіліктен әскери өмірге тез бейімделіп кету алғашында оңай болмаған.

– Ағам екеумізде жас айырмашылығы болғанымен, әскерге бірге шақырылдық. Қазір бір казармада тұрып, бірдей форма киеміз. Бүгін Отан алдында адал болуға ант бердік, оның өзіндік жауапкершілігі бар. Туыстарымыз бен жақындарымыздың сенімін ақтауға тырысамыз. Лайықты қызмет етіп, білім мен тәжірибе жинақтаймыз. Менің ойымша, бұл бізге болашақта керек болады, – деді қатардағы жауынгер Магасум Гильманов.

Ант қабылдау рәсімінен кейін командирлер сарбаздардың ата-аналарымен кездесіп, ұлдары қызмет атқаратын орынның жағдайларымен таныстырды.

– Менің ұлым Ильхам Кәрімов Алматы облысынан Абай өңіріне әскерге шақырылды. Әскери өмірге қалай үйреніп кететінін ойлап уайымдайтынмын. Себебі әскер – бірінші кезекте тәртіп. Онымен кездескеннен кейін мен оның қалай есейіп, мықты болып қалғанын көрдім. Барлық аналар жер бетінде бейбітшіліктің болғанын және оны да қорғауды қажет ететінін түсінеді. Балалардың бәрі әскери борышын ойдағыдай атқарып келсін, – деді сарбаздың анасы Рәбия Кәрімова.

Ант қабылдағаннан кейін әскерге шақырылушылар бөлімшелерге бөлініп, толыққанды жауынгерлік оқуды бастайтын болады.

Abai Aqparat.kz

Related Articles