Семейде Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы бастауын алды
Әлихан Бөкейхан атындағы университет қабырғасында “Мұхтар Әуезовтің классикалық мұрасы әлем мәдениеті контексінде” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті, деп хабарлайды OkSemey.kz.
Шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Дәуешов Нұрқиса Мұратұлы, абайтанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Жиын кезінде баяндама оқылып, жазушының мұрасын ұрпақ бойына сіңіру мақсатындағы шаралар талқыланды.
- Құрметті қонақтар! Ұлылардың мекеніне қош келдіңіздер! Ең алдымен бүгінгі ғылыми-практикалық конференцияны ұйымдастырып, оған еліміздің зиялы қауым өкілдерін, мәдениеттанушылар мен ғалымдарды сонымен қатар, қоғам қайраткерлерін шақырып, Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 125 жылдығына арналған іс-шараға арқау болып отырған Мәдениет және спорт министрлігі басшылығы мен ұжымына облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтің атынан ризашылығы мен ыстық ықыласын білдіремін. Конференция барысында Ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтардай даналардың кіндік қаны тамған туған жеріне барып, ерекше рух алып, шығармашылық шабытқа кенелесіздер деген сенімдемін. Бүгінгі ғылыми- практикалық конференция бүкіл ел көлеміндегі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің мерейтойына арналған іс-шаралардың бастауы болып отыр,-деді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Азамат Мухамедчинов.
Ұлттың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы – барша қазаққа ортақ. Төл әдебиетімізден орын алып, құдіретімен қазақ есімін шартарапқа паш еткен жазушының мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтіледі. Оған Мәдениет және спорт министрлігі жауапты болып белгіленген.
- Құрметті жиналған қауым қасиетті күнде Абай топырағына келіп жатқанымызға бек қуаныштымыз. Бүгінгі өтіп жатқан жиын үлкен шаралардың басы деп білемін. Себебі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Әуезовтей тұлғаның мерейтойын жоғары деңгейде өтуін қадағалап отыр. Өздеріңіз білетіндей, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мырзаның жетекшілігімен арнайы жұмыс тобы құрылды. Бұл ретте, жазушының мұрасын болашақ ұрпаққа қалдыру үшін бірқатар жұмыстар атқарылады. Былтыр Мәдениет және спорт министрлігі Мұхтар Әуезовтің туған өлкесі Бөрлідегі музейіне ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізген болса, Алматы қаласында М.Әуезов атындағы әдеби-мемориалдық музейінде де қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Енді алдағы уақытта Қырғыз еліндегі бірқатар шараларды көздеп отырмыз. Оның ішіндегі, Шопан атадағы Әуезов үйінде арнайы бюстін қою,-деді Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов.
Айта кетейік, Мәдениет және спорт министрлігінің жинақтауымен, заңғар жазушының мерейтойын атап өту жөніндегі жалпы республикалық жоспарға сәйкес биыл 4 бағыт бойынша 90- жуық іс-шара ұйымдастырылады. Одан бөлек өңірлік деңгейде жоспардан тыс 500-ден аса мерекелік шара өткізу жоспарланып отыр.
OkSemey.kz