Семейде «Қобыз құт» атты мәдени-танымдық шара өтті

Абай музейінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы, ұстаз, дирижер, күйші, композитор Сейітқазы Оразғали Жүнісбекұлына арналған «Қобыз құт» тақырыбында салтанатты шара өтті, деп хабарлайды OkSemey.kz.

Шараға қаламыздың өнер майталмандары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

  • Бүгін Оразғали Жүнісбекұлы ағамыздың шығармашылығына арналған мәдени-танымдық шара өтуде. Барша қауым қылқобыз бен прима қобыздың түйіскен үніне қанық болады. Бұл кешке Оразғали ағаның тәлімін көрген шәкірттерімен қатар, қаламыздың мәдени мекемелерінің өнерпаздары бой көрсетеді,- деді музейдің ғылыми қызметкері Азамат Қажыбай.

Оразғали Жүнісбекұлы 1969 жылы Қарағандының музыкалық училищесін бітірген соң, Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда қылқобыздан дәріс алған. 1974 пен 2001 жылдар аралығында Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінде еңбек етіп, қылқобыз сыныбын алғаш ашқан. Сондай-ақ, қазақ ұлттық аспаптар оркестріне, үрмелі аспаптар оркестріне, симфониялық оркестрге, хорға арнап талай шығарма жазды. Ұстаз ретінде үш әдістемелік оқулық, оннан астам күй, отыздан астам ән жазған.

OkSemey.kz

Related Articles