Шәкәрім университетінің жеті оқытушысы «ЖОО үздік оқытушысы-2021» атағын иегері танылды

"Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы - 2021" байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды OkSemey.kz.

Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде  «ЖОО-ның үздік оқытушысы-2021» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шара ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың құттықтау сөзімен  бастау алды. Министр республиканың 45 жоғары оқу орнының 150 үздік оқытушысын, соның ішінде Шәкәрім университетінің 7 оқытушысын құттықтап, марапаттады.

Айтып өтейік, байқауға жоғары оқу орындарының штаттағы, үздіксіз ғылыми-педагогикалық өтілі кемінде 5 жыл, оқытушылық және ғылыми қызметте жоғары жетістіктері бар оқытушылар қатысты.

Байқаудың мақсаты – оқытушы мамандығының беделін арттыру және жоғары оқу орындары оқытушыларын кәсіби тұрғыда одан әрі дамуына ынталандыру болып табылады.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Атап айтсақ, бірінші кезең жоғарғы оқу орны ішінде ұйымдастырылды, ал екінші кезең республикалық деңгейде өтті. Байқау ақпараттық жүйе базасында өтті, сәйкесінше байқауға қатысушылар барлық кезеңнің ашық өтуін бақылай алды.

Байқауға еліміздің 76 жоғарғы оқу орнынан 718 оқытушы қатысты. Байқауда олардың электронды оқыту ресурстарындағы жарияланымдары, оқу материалдары, отандық және халықаралық журналдардағы ғылыми жарияланымдары, өнертапқыш патенттері және басқада көрсеткіштері бағаланды. Сонымен қатар үміткер оқытушының сабақ беру сапасы және кадрларды дайындаудағы еңбегі бағаланды.

Аталған республикалық байқауға Шәкәрім университеті атынан 8 оқытушы өтінім білдіріп, олардың 7-і үздік деп танылды. Өңірлік жоғары оқу орындары арасында бұл өте жоғары көрсеткіш. Соның ішінде, Шәкәрім университетінің төрт оқытушысы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» марапаттарын екінші мәрте иеленуде.

Кәкімов Айтбек Қалиұлы – техника ғылымдарының докторы, профессор, тамақ өндірістерінің технологиясы және биотехника кафедрасының профессоры.

Айтбек Қалиұлы еселі еңбегімен елімізге танымал ғалымдардың бірі. Тамақ өндірісінің технологиясы мен техникасы бойынша өзінің ғылыми мектебін қалыптастырған. Оның жетекшілігімен 1 докторлық, 7 кандидаттық және 8 PhD диссертация қорғалды.

ҚР БжҒМ құрметті қызметкері, 2007 жылы Семей қаласының үздік ғалымы, 2009 және 2021 жылдары ҚР БжҒМ ЖОО үздік оқытушысы, 2009-2010 жылдары ғылым мен техниканың дамуына зор үлес қосқан ғалымдар мен мамандар үшін мемлекеттік ғылыми стипендияның степендиаты, ғылыми хатшы, докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық Кеңес төрағасының орынбасары болды. Көптеген ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурстарының жеңімпазы.

Кливенко Алексей Николаевич – PhD, химиялық технология және экология кафедрасы қауымдастырылған  профессор м.а., «Радиоэкологиялық зерттеулер» ғылыми орталығының жетекшісі.

Алексей Николаевич Ұлыбритания елінің Рединг университетінің Фармация мектебінде әйгілі профессор-ғалым В.В.Хуторянскийдің зерттеу тобында ғылыми тағылымдамадан өткен. Зерттеу барысында ол гидрогельдер мен криогельдердің асқазан шырышты қабығына қатысты мукоадгезивті қасиеттерін зерттеумен айналысты.

А.Н.Кливенко еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай тер төгіп жүрген тәжірибелі маман.

Ақтанова Айман Советқызы – филология ғылымдарының кандидаты, қазақ филологиясы және журналистика кафедрасының аға оқытушысы.

Ғылыми-педагогикалық еңбек өтілі 28 жылды құрайтын тәжірибелі ұстаздың ғылыми жұмысының негізгі бағыты –  қазіргі қазақ балалар әдебиеті мен драматургиясы.

ЖОО ұзақ жылғы еңбегі және  Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қолжеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен, Семей қаласы әкімінің грамотасымен  және  2018 жылы Шәкәрім медалімен марапатталды. 2009 және 2021 жылдары «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері.

Атантаева Бахыт Жұмағазықызы – тарих ғылымдарының докторы, тарих және құқық кафедрасының профессоры.

Оқытушылықтан бастап Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің Халықаралық қатынастар және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған.

Педагогикалық еңбек өтілімі 35 жылды құрайды. Магистранттар мен PhD-докторанттардың ғылыми жетекшісі, «Тарих» мамандығы бойынша гуманитарлық және педагогика ғылымдарының 20-дан астам магистрлерін дайындады. Эразмус бағдарламасы бойынша шетелдік серіктес жоғары оқу орындарына барып, Экология және менеджмент университеті мен Памуккале университетінің студенттеріне дәріс оқыды. Франция, Қытай кітапханалары мен мұрағаттарында іздеу және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, мемлекетаралық көші-қон мәселесі, Қазақстан этностарының тарихы мәселелерін қозғаған.

2008 және 2021 жылдары ҚР БжҒМ өткізген байқау қорытындысы бойынша «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды. 2009 жылы ғылым саласында қол жеткізген жетістіктері үшін ҚР БжҒМ «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Жолымбаев Оралтай Мұратқанұлы – физика-математика ғылымдарының кандидаты, физика-математика және информатика кафедрасының доценті.

Қазақтың көрнекі  математиктері Т.Ы.Аманов, С.Х.Боқаев  атындағы аймақтық дәрежедегі оқушылардың математикадан олимпиадасын дәстүрлі өткізуді қолға алып, қара шаңырақтың танымалдығын арттыруда өз үлесін қосып келеді. Оралтай Мұратханұлының бірқатар еңбектері  облыстық  және республикалық басылымдарда жарық көрді.

ҚР БжҒМ 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалары бойынша гранттық қаржыландыруды жеңіп алды.

Беленко Оксана Геннадьевна – психология ғылымдарының кандидаты, педагогика және психология кафедрасы қауымдастырылған профессорының м.а.

Психология мұғалімі мамандығы бойынша практикалық психолог,  бірқатар оқу, оқу-әдістемелік құралдар, 90-нан астам жарияланымдардың авторы.

Оксана Геннадьевна, әр студенттің психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, студенттердің әлеуметтік белсенділігін, олардың мәдениеті мен ойлауын қалыптастыруды мақсат етеді. Сонымен қатар оқу үрдісінде жаңа ақпараттық технологияларды, факультет студенттерін оқытудың жаңа әдістерін енгізу бойынша табысты жұмыс жүргізеді және психологиялық-педагогикалық пәндерді оқыту саласында жаңа идеялардың бастамашысы.

Қасымов Асқар Бағдатұлы –техникалық физика және жылу энергетикасы кафедрасының  PhD.

2 докторлық диссертация мен 6 магистрлік диссертацияға басшылықты жүзеге асырады. Шәкәрім университетінің «Академиялық артықшылық орталығы» жобасының қатысушысы, университеттің жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, «ЖОО үздік оқытушысы-2021» атағының иегері.

«Вестник НЯЦ» ғылыми басылымының рецензенті, «Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің», «Ұлттық тестілеу орталығының» сарапшысы. Ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгерген тәжірибелі маман.

Ақпараттық агенттік «ЖОО үздік оқытушысы — 2021» байқауының барлық жеңімпаздарын шын жүректен құттықтайды!

OkSemey.kz

Related Articles