АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ

Интернет ғасырында – дәстүрлі БАҚ емес, әлеуметтік медиа бүгінде негізгі ақпарат көздеріне айналғаны анық.

Өңірлердің және Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен өткен кеңейтілген отырыстың бірінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдарға халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді тапсырды. Президент қарапайым адамдардың әлеуметтік әл-ауқатын білу және оған уақтылы жауап беру өте маңызды екенін атап өтті.

«Әкімдер халықтың сұраныстарына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңызды: мессенджерлерде топтар құру, жүргізіліп жатқан саясатты қол жетімді түсіндіру, жағдайды модерациялау және басқару», – деп Президент әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге баса назар аударды.

Бұл әрбір шенеунік әлеуметтік желілерде белсенді болуы керек дегенді білдіреді. Президенттің тапсырмасын назарға ала отырып, облыстағы қала мен аудан әкімдерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігінің рейтингі өткізілді. Аталмыш рейтингті «Abay Media Group» ЖШС қарасты «Абай Ақпарат» редакциясының ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындады. Рейтинг аудан әкімі мен әкімдіктердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері бойынша арнайы әзірленген критерийлер формуласы бойынша есептелді.

ҚАЛАЛАР МЕН АУДАНДАР ӘКІМДЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІГІ БОЙЫНША РЕЙТИНГІ (ЖЕЛТОҚСАН АЙЫ БОЙЫНША)

Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.

abaiaqparat.kz
Бірінші үштік рейтинг көшбасшылары:

1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов

2) Жарқынбек Борашұлы Байсабыров

3) Ділдәбек Тәжібайұлы Оразбаев

abaiaqparat.kz

Орташа рейтинг:

4) Талғат Батырұлы Мұратов

5) Нұржан Оразбекұлы Әбдікәрімов

6) Ахметқали Ахашұлы Нұрғожин

7) Сейілбек Абиұрұлы Ысқақов

Аутсайдерлер:

8) Нұржан Тлеужанұлы Тоқсеитов

9) Олег Васильевич Чугунков

10) Асхат Сайдахметұлы Смаилов

  1. Нұрбол Нұрсағатов – Семей қаласының әкімі.

Әлеуметтік желілердегі белсенділік бойынша Семей қаласының әкімі Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов 2987,0 баллмен жалпы рейтингте көш бастады. Желтоқсан айындағы  алғашқы жұмысы «Қарағайлы» ықшам ауданындағы тұрғын үйлердің жылу мәселесін шешумен басталды. Қала әкімдігі облыс орталығы болғандықтан жаңа жылдық безендіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлді. Қаланың кәсіпорындары мен мекемелері арасында жаңа жылдық безендіру жұмыстарына байқау ұйымдастырылды. «Абай Жастары» тұрғын үй бағдарламасына құжаттар қабылдау басталды. Мереке қарсаңында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг күшейтілді. Жиенәлі ауылдық округіне қарасты Бөкенші және Маралды ауылдарында ұялы байланыс сапасы жақсартылды.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Семей қаласының әкіміне ұсыныс: Facebook және Instagram парақшасын белсенді жүргізу ұсынылады

  1. Байсабыров Жарқынбек Борашұлы – Жарма ауданының әкімі.

Жарма ауданының әкімі Байсабыров Жарқынбек Борашұлы 1335,6 баллмен екінші орынға жайғасты. Желтоқсан айының басында екі орынбасарын тағайындай сала, ауылдық елді-мекендерді аралауды жалғастырды. Жарық ауылының тұрғындарымен кездесіп «Жаңғызтөбе-Жарық» бағытындағы автокөлік жолын жөндеу мәселесін назарға алды. Бұрынғы әкімдер ат ізін сала бермейтін Қапанбұлақ, Қызылағаш, Егінбұлақ, Үшбиік, Аршалы, Белтерек, Ақжал, Салқынтөбе, Кеңтарлау, Сұлусары, Қаратөбе ауылдарының халқымен кездесіп, олардың мәселелерін тыңдады. «Қалбатау-Семей» бағыты бойынша қоғамдық көлік мәселесі шешімін табатын болды.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданы әкіміне ұсыныс: өткен айларда назарға алынған мәселелердің нәтижелерімен бөлісу ұсынылады.

  1. Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы – Көкпекті ауданының әкімі.

Көкпекті ауданының әкімі Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы 841,5 баллмен үздік үштікті түйіндеп тұр. Аудан басшысының атқарған жұмыстары желтоқсан айында желіге белсенді түрде жариялана бастады. Көкпекті аудандық ауруханасында тағы бір жылыту қазандығын іске қосты. Бір жыл бұрын қолданысқа берілген 20 екі пәтерлі үйлердің тұрғындарымен кездесіп, олардың мәселесін назарға алды. Ақ ой ауылында «Айгөлек» балабақшасын ашты. Ауданда мал бордақылау алаңдары көбейіп, мемлекет тарапынан берілетін көмектерді түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Әкімдік парақшасы жаңа келбетке ене бастады.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданы әкіміне ұсыныс: әкімдіктің ресми парақшасын одан әрі жандандыру ұсынылады.

  1. Мұратов Талғат Батырұлы – Бесқарағай ауданының әкімі.

Бесқарағай ауданының әкімі Мұратов Талғат Батырұлы 767,3 баллмен төртінші орынға жайғасты. Қарағайлы ауылындағы Нұрлыбек Баймұратов атындағы орта мектептегі жылу мәселесін назарға алды. Қарабаш ауылында балаларға арналған ойын алаңын ашты. Өндіріс ауылында су құбыры желісінде орын алған апатты жедел түрде шеше білді.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданы әкіміне ұсыныс: әкімдіктің ресми парақшасын одан әрі жандандыру ұсынылады.

  1. Әбдікәрімов Нұржан Оразбекұлы – Абай ауданының әкімі.

Абай ауданының әкімі Әбдікәрімов Нұржан Оразбекұлы 738,92 баллмен рейтингтің ортасына орналасты. Тәуелсіздік күні қарсаңында 22 отбасыға тұрғын үйлердің кілттері табыс етілді. Аудан әкімдігінің парақшасында жаңалықтар жаңа дизайнмен шыға бастады. Қар тазалау жұмыстары күшейтілді.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданы әкіміне ұсыныс: назарға алынған мәселелерді желіде жекелей ашық түрде жариялау және ресми парақшаны белсенді жүргізу ұсынылады.

  1. Нұрғожин Ахметқали Ахашұлы – Бородулиха ауданының әкімі.

Бородулиха ауданының әкімі Нұрғожин Ахметқали Ахашұлы 482,4 баллмен өткен аймен салыстырғанда бір саты жоғарылап, алтыншы орынға тұрақтады. Бақы ауылдық округіндегі ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі назарға алынып, ол он күн ішінде шешімін тапты. Коммуналдық шаруашылыққа жаңа техникалар сатып алынды. Бородулиха ауылының шамдары жаңартылды. Переменовка ауылында ұялы байланыс жүйесі мен мобильді интернеттің сапасын арттыру жұмыстары басталды.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданы әкіміне ұсыныс: әкімдіктің ресми парақшасына салынған ақпараттарды мұқият қарау, аудан тұрғындарына қажетті ақпараттар беру ұсынылады.

7. Ысқақов Сеилбек Абұирұлы – Аягөз ауданының әкімі.

Аягөз ауданының әкімі Ысқақов Сеилбек Абұирұлы 470,3 баллмен жетінші орында тұр. Көптеген жылдар бойы қараусыз қалған Қарағаш ауылындағы екі қабатты ғимаратты толықтай жөндеуден өткізіп, көпбалалы, жалғыз басты отбасылар мен ауыл медбикесіне пәтер кілттерін табыс етті. Аягөз қаласында орын алған жылу қазандығындағы апатты жағдайды уақтылы шеше білді.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданы әкіміне ұсыныс: Facebook парақшасындағы жазбаларын барлық желі қолданушыларына қолжетімді болатындай етіп жариялау ұсынылады.

  1. Нұржан Тоқсеитов – Үржар ауданының әкімі.

Үржар ауданының әкімі Тоқсеитов Нұржан Тлеужанұлы 435,8 баллмен сегізінші орында тұр. Желтоқсан айында Мақаншы ауылының тұрғындарымен кездесіп, олардың мәселелерін тыңдады. Аудан орталығындағы орталық жылу қазандығын тексеріп, «Үржар» әуежайының қызметкерлерімен кездесті. Аудан әкімдігі аудан әкімінің парақшасына тіркелмеген болып шықты. Сонымен қатар желтоқсан айында аудан әкімдігі оқырмандардың пікір қалдыруына шектеу қойды.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданы әкіміне ұсыныс: әлеуметтік желіде оқырмандарға ашық болу және олармен тұрақты кері байланыс орнату ұсынылады.

  1. Чугунков Олег Васильевич – Курчатов қаласының әкімі.

Курчатов қаласының әкімі Чугунков Олег Васильевич 357,3 баллмен бір саты жоғарылады. Қала әкімі өзінің ресми парақшаларын қараусыз қалдырған. Instagram парақшасына желтоқсан айында 2 жазба жариялаған. Ал Facebook парақшасында өкінішке орай жазба жоқ. Әйтсе де қала әкімдігінің парақшасы өте белсенді. SMM мамандар әкімнің парақшасына зер салып қойса да артық болмайды. Желі қолданушылары қауіпсіз қаланың әкімін әлеуметтік желіде көргісі келеді.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласының әкіміне ұсыныс: әкімнің ресми парақшаларын жандандыру және желі оқырмандарымен кері байланыс орнату ұсынылады.

  1. Смаилов Асхат Сайдахметұлы – Ақсуат ауданының әкімі.

Ақсуат ауданының әкімі Смаилов Асхат Сайдахметұлы 239,7 баллмен рейтинг соңында тұр. Аудан әкімінің өткен аймен салыстырғанда белсенділігі төмен болды. Ол желтоқсан айында өзінің ресми парақшаларында тек мерекелермен құттықтау жазбасын ғана жариялаған. Ауданда атқарылған жұмыстар бойынша ақпараттар әкімдік парақшасында саусақпен санарлық. Атап айтар болсақ, желтоқсан айында аудан әкімінің орынбасары әлеуметтік нысандардағы жылу жүйесіне, ауыл әкімі азық-түлік бағасына мониторинг жүргізген.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларды қолға алу және белсенді жүргізу ұсынылады.

Abai Aqparat.kz

Related Articles