Мектеп — ЖОО — Кәсіпорын: Кәсіпке дейінгі білім беру интеграциясы

Қазіргі таңда елімізде әлемдік білім беру кеңістігіне бағытталған жаңа білім беру жүйесінің қалыптасуы жүріп жатыр, деп хабарлайды OkSemey.kz.

Бұл үдеріс педагогикалық теория мен практикадағы елеулі өзгерістермен қатар жүретіні анық.

Ұлт басшысы Қ.Тоқаев еліміздің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндетін алға тартып, техникалық бағыттағы мамандықтарға көбірек назар аудару қажеттігін ерекше атап өтті. Аталған бағыт бойынша қала мектептері, ЖОО мен кәсіпорындар арасында «Үштік оқыту моделі» жобасы іске асырылуда.

Осы орайда, 16 ақпан күні Шәкәрім университеті, Семей қаласының №3 жалпы орта білім беретін мектеп-кешені және «Семей Инжиниринг» ұйымдары қатысуымен кездесу ұйымдастырылып, ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.

Бірлескен жоба мақсаты – «Мектеп – ЖОО – Кәсіпорын» үштігінің ықпалымен жалпы және бейіндік білім беруді бір жүйеге біріктіріп, сапалы мамандар даярлау ісіне ықпалдасу. Меморандум шеңберінде инновациялық білім беру және ғылыми қызмет саласындағы ынтымақтастық, дарынды балаларды анықтау және қолдау, болашақ инженерлік-технологиялық мамандарды сапалы даярлау мақсатында оқу үрдісіне үштік оқыту жүйесінің элементтерін енгізу көзделеді. Яғни, жалпы білім беру ғылыми бағдарламалар мен жобаларды іске асыру, білім алушылар арасында ерте кәсіптік бағдарлау жүйесін дамыту, іс-тәжірибе жұмыстарын кәсіпорындарда тиімді ұйымдастыру – аталған жобаның басты бағдары болмақ.

Шара барысында №3 мектеп директоры Н.Ахметқалиев университет делегациясы мен «Семей Инжиниринг» ұйымы қызметкерлеріне STEM-лабораториясы, техникалық жабдықталған физика, химия, биология, робототехника және алғашқы әскери дайындық кабинеттерін, хореография залын таныстырып өтті. Сонымен қатар, басшы үштік оқыту жүйесіне қатысты пікірін білдіріп, ұсыныстарымен бөлісті:

«Қазіргі білім беру жүйесінде жоғары сынып оқушыларының кәсіптік білім беру бағдарламаларын игеруін, арнаулы бейімділігі мен қызығушылықтарын, танымдық қабілеттерін ескеруіміз керек. Дәстүрлі оқыту жүйесіндегі жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар циклі оқушылардың болашақ мамандықтарын толықтай танып-білулеріне мүмкіндік бермейді. Өскелең ұрпақтың дұрыс кәсіби бағдар алу ісі мектеп қабырғасынан басталуы қажет. Осы бағытта үштік оқыту жүйесінің оң нәтижесін беріп, жемісті боларына сенім білдіремін». Сондай-ақ, мектеп басшысы жоғары сынып оқушыларының оқу жоспары мазмұнымен таныстырып, 17 міндетті пәндерден бөлек университет базасында қосымша 4 бейіндік пәнді оқыту жайлы ұсынысын білдірді.

Өз кезегінде Шәкәрім университеті басшысы Б.Ердембеков: «Бүгінгі таңда техникалық мамандар жетіспейді. Сол себепті де мемлекет тарапынан техникалық мамандықтарға грант санын көбейтіп жатыр, бірақ мектептерде химия, физика, математика пәндерінен сапалы білім беретін дұрыс ұстаз болмайынша техникалық мамандықтардың көсегесі көгермейді. Сондықтан, университет пен мектеп арасында тығыз байланыс орнату керек», — деп мектеп пен университет арасындағы байланысты нығайта түсуде дуалды білім беру жүйесінің маңызы зор екендігін тілге тиек етті.

Ал «Семей Инжиниринг» АҚ директорының орынбасары Р.Тұрағұлов 2019 жылы кәсіпорында техникалық мамандардың кадрлық тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келгендерін атап өтіп, сапалы мамандар даярлау ісіндегі үш тараптың да үлкен рөл атқаратыны жайлы айтты. Кәсіпорын қызметкерлері тарапынан мектеп ішінде арнайы техникалық үйірмелер ашып, зауыт базасында экскурсиялар ұйымдастыру ісі ұсынылды.

Сондай-ақ, шараға Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Н.А. Фесенко қатысып, шараның маңыздылығын атап өтті. Меморандумға қол қойған барлық тараптарға жемісті жұмыс, ал мектеп түлектеріне ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтіп, өз ісінің кәсіби маманы болуларына тілектестігін білдірді.

Айта кетейік, шара соңында Шәкәрім университеті және №3 жалпы орта білім беретін мектеп-кешені арасында дуалды білім беру тәжірибелерін нығайту бағытындағы ұсыныстар сараланып, бірлесіп атқаратын жұмыс жоспарының мазмұны қарастырылды.

OkSemey.kz

Related Articles