Балаларға базарлық: Семейдегі Абай атындағы театры жас көрермендер үшін қойылымдар сахналауда

Шығыс Қазақстан облысының Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры жас көрермендер үшін қойылымдарын сахналауда, деп хабарлайды OkSemey.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялап, «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз»,-деді өз сөзінде. Президент бұл жылы балаларға әр салада толыққанды көңіл бөліну керектігін нақты іс-шаралармен қадап айтқан еді. «Балалар жылымен» қатар, 22 наурыз- Ұлыстың ұлы күніне орай, Шығыс Қазақстан облысының Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры жас көрермендер үшін қойылымдарын сахналауда.

Ұрпақ тәрбиелеуде жақсы мен жаманның ара-жігін ажыратып, жақсылыққа жол бастайтын адами қасиеттерді дамыту басты назарда болуы қажет. Бұл ретте, театр ұжымы балаларға арналған “Жақсылық пен жамандық” атты ертегіні қоюда. Авторы Иран-Ғайып, ал режиссері ҚР Еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Сағызбай Карабалин.

  • Жақсылық пен жамандық — жеке адамдар мен әр түрлі топтардың іс-әрекеттеріне, әлеуметтік құбылыстар мен қатынастарға адамгершілік тұрғысынан этикалық баға беріліп, жақсылыққа үндейтін туынды. Адамгершілікке лайықсыз деп танылатын іс-әрекеттерді, өмір құбылыстарын суреттейді. Осы екі ұғымның мәнін түсіндіріп, олардың ара-қатынастарын айыра білуді мақсат етеді,-дейді театрдың әдеби бөлім меңгерушісі Еңлік Саматова.

Жас көрермен №31 ЖББ мектептің оқушысы Іңкәр Ерғалиқызы ертегі желісіндегі жақсылыққа үндеу, жаманнан безу сынды қасиеттерді бойына сіңіріп, қатарластарын қойылымды тамашалауға шақырды.

  • Ертегі басталмас бұрын, бізге Наурыз мерекесі туралы көрініс көрсетілді. Жылдың басы болып саналатын бұл мейрамда ұлттық тағам «наурыз көже» жасалып, ұлттық ойындар ойналады. Ертегіге келер болсам, маған өте қатты ұнады. Желісі қызықты әрі танымды. Баршаларыңызды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтай отыра, жас көрермендерді театрға келіп, осы қойылымды көруге шақырамын,-дейді көрермен Іңкәр Ерғалиқызы.

OkSemey.kz

Related Articles