Семейлік кітапханашылар қала тұрғындарына арнап бауырсақ пісіруде

Семейдегі Орталық кітапханада Наурыз мерекесі қарсаңында қала тұрғындарына арнап бауырсақ пісіруде, деп хабарлайды OkSemey.kz.

Семей өңірінің мәдениет қызметкерлері ерекше акцияны ойлап тапты. Олар Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында қалалықтарды ыстық бауырсақ пен шәймен дәм татқызуды ұйғарды. Сонымен қатар, 14 наурыз «Қауышу-көрісу күні».

Орталық кітапхананың қызметкерлері таңертеңнен бастап қамыр илеп, бауырсақ пісіруде. Жаңа піскен бауырсақтың қош иісі мұрын жарып, дәмі ауыздан кетпейді.

Осылайша Семейде Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар басталды. Кітапхана оқырмандарына кітапхананың оқу залында дөңгелек дастархан жайылған. Ол жерде келушілер ыстық бауырсақтан дәм татып, әр шаңырақта тыныштық пен береке болсын деген тілектерін білдіруде.

«Бүгінгі мереке – Наурыз мейрамын мерекелеудің бастамасы. Орталық кітапханада мереке басталып кетті. Бүгін барлық келушілерге және қала аялдамаларында, сондай-ақ көшеде кетіп бара жатқан барлық қала тұрғындарына бауырсақ таратылады. Сонымен қатар, Достық үйінде «Ахау Семей» орталығының бастамасымен бүгінгі мерекеге арналған ақпараттық сағат өтеді. «Айша бибі» орталығының ұжымы, өлкетану музейінің өкілдерімен бірлесіп Арбатта мерекелік іс-шара өткізеді», – деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина.

Бүгіннен бастап Наурызды мерекелеу шеңберінде осындай іс-шара 22 наурызға дейін күнделікті жүргізілетін болады. Биылғы жылы Наурыз мерекесі Семейде қаланың бес алаңында дәстүрлі форматта атап өтіледі.

Semeynews.kz

Related Articles