Семейде Халықаралық театр күні атап өтілді

27 наурыз-Халықаралық театр күні. Айтулы күнге орай, Семейде Абай, Достоевский және "Дариға-ай" театрларының ұжымдары дәстүрлі қойылымдарын көрермен назарына ұсынды, деп хабарлайды OkSemey.kz.

Іс-шара басталмас бұрын театр фойесінде келушілерге арналған тақырыптық фото аумақ пен көңілді байқаулар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қонақтар оркестрдің орындауындағы жанды музыкадан ләззат алды.

«Бүгін театр қызметкерлері үшін ғана емес, театрды жақсы көретін көрермендер үшін де маңызды мереке. Театрдың барлық ұжымын осы айшықты күнмен құттықтаймыз. Осы кеште театрлар ұжымы көрермендер үшін жарқын әрі мазмұнды концерттік бағдарлама әзірлеп, мерекелік дәстүрлі қойылымдарын қояды»,-деді Шығыс Қазақстан облысының Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрының директоры Бауыржан Төлеков.

Бұл кеште тек театрдың еңбек сіңірген әртістері ғана емес, сахна сыртында қалып, маңызды жұмыс атқарып жүрген мамандар да марапатталды. Мәселен, техникалық қызметкерлердің арқасында көрермен дыбыстық және жарық әсерлерінен ләззат ала алады. Сондай-ақ, бет әрлеудің арқасында түрлі кейіпке ендіретін грим мамандарын да атап өту керек.

Театр қызметкерлерін ШҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының Мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Ұлан Сағадиев, Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев және қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Назерке Аққожина құттықтады.

«Сахнада түрлі кейіпке енетін театр қызметкерлерін және патша көңілді көрермендерді мерекемен құттықтаймын! Әртістерге табыс, шабыт және жаңа жетістіктер тілеймін», – деді Ұлан Сағадиев өз құттықтау сөзінде.

Қазақ КСР Халық әртісі, Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы, «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығының лауреаты Бекен Имаханов та әріптестеріне тілек білдіріп, болашақта бұдан да биік үлкен жетістіктер күтіп тұрғанын айтты.

Бұл кеште көрермендер назарына үш театр әртістерінің шағын көріністері мен мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылды.

OkSemey.kz

Related Articles