2022 жылы онкологиялық аурулардың алдын алу үшін скринингтерге шамамен 800 млн теңге қарастырылған- ШҚО ӘМСҚ

Халықтың нысаналы топтарына биыл онкологиялық түзілімдерді анықтауға арналған скринингтерді атқаруға 800 млн теңге көзделген, деп хабарлайды, OkSemey.kz.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры скринингтің кімге және қандай түрлерінен өту керектігін еске салды.

Профилактикалық тексерулердің арқасында қатерлі ауруларды ерте кезеңде анықтап, уақтылы емдеуді бастауға болады. Скринингтерді денсаулықтарына шағымдары жоқ және аталған аурулар бойынша есепте тұрмайтын азаматтар белгілі бір жаста өтеді.

2022 жылға ШҚО Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында медициналық ұйымдардың ересек тұрғындарға онкологиялық ауруларды алдын-алу бағытында скринингтік зерттеулер мен профилактикалық тексерулерді жүргізуіне шамамен 800 млн теңге қарастырылған.

Тұрғындар бекітілген емханасында учаскелік мейірбикенің шақыруы бойынша скринингтен өтеді. Скринингтен өтуге қажетті жасқа жеткен кезде азаматтар емханаға өз бетінше де жүгіне алады.
Айта кетейік, жұмыс берушілер скринингтерді өту үшін қызметкерлерді жұмыс уақыты кезеңінде лауазымын және орташа жалақысын сақтай отырып, кедергісіз жіберуі керек («Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 87 бабына сәйкес).

Скринингтік зерттеулердің түрлері және нысаналы топтар

  • 30-дан 70 жасқа дейінгі әйелдер жатыр мойны обырын ерте анықтауға тексеруден өтеді, оның ішінде ПАП-тест немесе тереңдетілген диагностика – (бейне) кольпоскопия, биопсия және гистология, бейінді мамандардың консультациясын алады.
  • Әйелдер 40 жастан 70 жасқа дейін сүт безі обырын ерте анықтау үшін тексеруден өтеді – екі проекциядағы маммография. Қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика – нысаналы маммография, сүт бездерінің УДЗ-і, трепанобиопсия, пункциялық немесе аспирациялық биопсия, гистология, бейінді мамандардың консультациясы.
  • 50-ден 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер гемокульт-тест көмегімен колоректальды обырды ерте анықтауға тексеруден өтеді. Қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика – жаппай бейне колоноскопия, оның ішінде наркозбен, эндоскопиялық шертпелі биопсия, гистология, мамандардың консультациясы жүргізіледі.

Егер сізде скринингтен өтуге қатысты қосымша сұрақтар туындаса, сіз оларды учаскелік дәрігерге немесе өз емханаңыздағы Пациенттерді қолдау қызметіне қоя аласыз.
Егер жағдайды сол жерде шешу мүмкін болмаса, онда ыңғайлы байланыс арнасы арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгінуге болады: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.

Semeynews.kz

Related Articles