Ұлылар мекенінде рухани кеш өтті
Семейдің Абай театрында Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған «Әуезов әлемі» атты салтанатты кеш өтті, деп хабарлайды OkSemey.kz.
Заңғар жазушының бай мұрасын келешек ұрпақ бойына дарытып, әдеби-рухани жоғары эстетикалық көркемдікті сыйлау мақсатында ұйымдастырылған шарада Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертілді. Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы – барша қазаққа ортақ. Төл әдебиетімізден орын алып, құдіретімен қазақ есімін шартарапқа паш еткен жазушының мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтіледі. Оған Мәдениет және спорт министрлігі жауапты болып белгіленген.
- Қадірлі ағайын! Құрметті қонақтар! Бүгін біз Ұлы Абайды күллі әлемге танытқан кешегі Алаш қайраткерлерінің идеясын ту қылып ұстаған Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 125 жылдық мерейтойында бас қосып отырмыз. Семей топырағы данышпан Абайды дүниеге әкелген, Шәкәрімдей ғұламаны тудырған, Мұхтар Әуезовтей әйгілі суреткерге бесік болған аяулы мекен. Бұл жиын үлкен мерейтойдың салтанатты ашылуы Семейден бастау алғаны заңдылық. Алдағы уақытта, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай жазушының 5 томдық шығармалар жинағы басылып шығарылатын болады,-деді Мәдениет және спорт министрі Даурен Абаев.
Кеште жазушының мұраларын зерттеп кешегі күннен сыр шерткен ғалымдар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері бой көрсетті.
Талғамы биік көрермен
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлмира Сарина, Ерлан Рысқали, Еркін Шүкіманов, Мәдениет саласының үздігі Сәулежан Тақзия, халықаралық конкурстардың лауреаттары Нұржан Жанпейісов пен Әйгерім Тоқтыбаева, «Бибігүл» атындағы халық аспаптары оркестрі, «Дала Үні» акапелласы және Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры актерлерінің өнерлеріне тәнті болып, жоғары баға беріп,
ыстық ықыластарын қошеметпен білдіріп отырды.
- Киелі мекенге табан тіреп, Алматы қаласынан арнайы қуанышқа ортақ болып келіп қалған жайымыз бар. Жоғары деңгейдегі шаралар легі бүгін басталып, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жалғасын табатын болады. Өздерің көріп тұрғандай, залда ине шаншыр жер жоқ. Бұл көрерменнің өнерге деген құрметі деп білемін. Ал, мен үшін ұлыларды ұлықтайтын шаралардың басы-қасында жүру үлкен мәртебе. Мерейтой барлығымызға ортақ. Баршаңызға құтты болсын,-деді халықаралық конкурстардың лауреаты Нұржан Жанпейісов.
Айта кетейік, Мәдениет және спорт министрлігінің жинақтауымен, заңғар жазушының мерейтойын атап өту жөніндегі жалпы республикалық жоспарға сәйкес биыл 4 бағыт бойынша 90- жуық іс-шара ұйымдастырылады. Одан бөлек өңірлік деңгейде жоспардан тыс 500-ден аса мерекелік шара өткізу жоспарланып отыр.
OkSemey.kz