Семейде Қазақстан халқының Бірлігі күні мерекесі атап өтілді

Бүгін еліміз патриоттықтың, туған жерге деген сүйіспеншілік пен адалдықтың жарқын белгісі болып табылатын Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеуде, деп хабарлайды OkSemey.kz.

Республиканың барлық аймақтарында мерекелік шаралар өтуде. Семей қаласында айтулы мереке қаланың орталық алаңында атап өтілде. Бұл жерде Достық үйіндегі этно-мәдени орталықтардың қолөнер бұйымдарының көрмесі, кітаптар көрмесі қойылды, ойын алаңы және оқу залдары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жиналғандарға мерекелік концерттік бағдарлама қойылды.

Қала тұрғындарын Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов құттықтады.

– Құрметті семейліктер! Бүгін біз бірге Жаңа Қазақстан құрамыз! Осындай тарихи белестер, жаңа шынайылықтар талап ететін өзгерістерсіз мүмкін емес. Мемлекет басшысының ел Конституциясына өзгерістер енгізуді жалпыхалықтық референдумда қарау туралы ұсынысы жан-жақты демократияландыру бағыттарын және Жаңа Қазақстан құруды нығайтады.

Сіздерді әрбір қазақстандық үшін айтулы мерекемен құттықтаймын!

Зор денсаулық, береке, бақыт, әр шаңырақта, әр отбасында бейбітшілік пен келісім болсын!, – деп құттықтады жиналғандарды шаһар басшысы Бақытжан Байахметов.

Бұл күні барлық жерде құттықтаулар айтылды. Қала тұрғындарын Шығыс Қазақстан облыстық татарлар қоғамдық орталығының жетекшісі Камилия Исмаилова құттықтады.

  • Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, балалардың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің қоғамның негізгі мақсаты. Президент биылғы жылды балалар жылы деп жариялады. Міне сондықтан бүгінгі іс-шара «Жер шарының барлық балалары бірге қол ұстасу керек» деген ұранымен өтті. Баршаңызды шын жүректен мерекемен құттықтаймын. Бұл күн – достықтың, ынтымақ пен жасампаздықтың белгісі. Қазақстан халқының Бірлігі күні – мейірімділік, бейбітшілік, еңбек мерекесі. Біз бірлігімізбен қуаттымыз. Сүйікті Отанымыз бен өсіп келе жатқан жас ұрпаққа бақыт пен гүлдену тілеймін, – деп құттықтады Камилия Исмаилова.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен аяқталды.

OkSemey.kz

Related Articles