“Алтай-Атырау” марафоны Семейге жетті
Елімізде тұңғыш рет “Алтай-Атырау” ультрамарафоны өтіп жатыр, деп хабарлайды Abaiaqparat.kz
Мақсаты- қазақстандықтарды салауатты өмір салтына оның ішінде жүгіру спортына баулу. Спорттық шара Қатонқарағайдан бастауын алып, Семейге жетті. Жеңіл атлеттерді Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев күтіп алып, аспалы көпір үстімен бірге жүгіріп өтті. Қарапайым және ең тиімді бұл спорт түрі арқылы денсаулығымызды жақсартып, сонымен қатар еліміздің сакралды жерлерімен таныса аламыз,-дейді марафонға қатысушылар.
— Ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан еліміздің кеңдігін көріп, таңғажайып жерлерімен танысу мақсатында марафонға қатысып отырмын. Әрине, денсаулық -басты байлық. 20 жылға жуық спортпен айналысып, 3 жыл төңірегінде осы марафонға жауапкершілікпен дайындалдым. Жолда әр түрлі жандар кездеседі. Қас-қарайып кеткенде қазақтың қонақжайлығын сезініп, елді-мекендерде жолаушылап қалған сәттер де болды. Қазақстандықтарға айтарым, барлықтарыңыз бір адамдай спортпен шұғылданыңыздар. Себебі, спорт- денсаулық кепілі,- дейді марафонға қатысушы Марғұлан Ермағамбетұлы.
Айта кетейік, марафоншылар Бесқарағай ауданын басып өтіп, Павлодар, Нұр-Сұлтан, Қостанай қалалары арқылы Атырауға жетпек.
Abaiaqparat.kz