ШҚО-да жоғалған 13 жасар бала аман есен табылды

Жоғалған 13 жасар баланы ШҚО полицейлері мен еріктілер түні бойы іздеді, деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.

ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың 26 мамырында сағат 23:08-де Жарма АПБ Шар қаласының полиция бөліміне жетінші сынып оқушысының әкесі қоңырау шалып, ұлы таңғы сағат 09:30 шамасында үйден шығып, қайтып келмегенін жеткізді.

Бірнеше сағат бойы ата-аналар баланы өз бетінше табуға тырысқан, алайда іздеу нәтижесіз болмағандықтан олар полицейлердің көмегіне жүгінген.

Жарма аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы дереу дабыл бойынша көтеріліп, кәмелетке толмағанды іздеу жұмыстарына жұмылдырылды. Сондай-ақ, еріктілер мен жергілікті атқарушы органдар баланы іздеуге шыққан.

Баланың баруы мүмкін болатын орнын анықтау үшін полицейлер жасөспірімнің араласатын таныстарымен жұмыс жүргізді. Барлық аулалар үйдің шатырлары мен құдықтар тексерілді. Іздеу жұмысы түні бойы жалғасты. Полиция қызметкерлерінің ұйымдасқан жұмысының нәтижесінде таңертең жетінші сынып оқушысы қараусыз қалған үйден табылды.

Белгілі болғандай, таңертең бала жақындарымен жанжалдасып қалғандықтан үйден кетіп, қаланың шетіне қарай бет алған, ол жақта қараусыз қалған үйге барып түнеген.

Баласын бауырына құшқан ата-ана полицейлерге кәсіби шеберлігі мен ұйымдасқан нәтижелі жұмыстары үшін алғыс білдірді.

Abai Aqparat.kz

Related Articles