“Қарагөз” 10 жылдан кейін Семейде қайта сахналанды

Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай, Семейдің Абай театрында заңғар жазушы М. Әуезовтің шығармасы сахналанды, деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.

“Қарагөз” пьесасы 1926 жылы жарияланып, сол жылдан бері құндылығын еш жоғалтпаған үздік туынды. Күрделі психологиялық пьеса желісі ескі салт-дәстүрдің құрбаны болған жастардың тағдырын баяндайды. Бас кейіпкерлер Қарагөз бен Сырым бір-біріне ғашық жандар. Алайда, екеуінің туыстық түбірі жеті атаға жетпегендіктен, қосыла алмайды. Онымен қоса, Қарагөз басқа рудың беделді жігіті Наршаға айттырылған. Өкініш отына күйіп,сергелдең күй кешіп, бір-біріне ынтық қос ғашықтың жайын Алматыдан арнайы келген режиссер, Қазақстанның Халық әртісі Ерсайын Төлеубай Абай театры сахнасында бірнеше жылдан кейін қайта қойды.

  • Ең алдымен, жерлестерімді Абай облысының құрылуымен және орталығы Семей қаласы болып қайта орнауымен шын жүректен құттықтаймын. Руханияттың, өнердің, мәдениеттің қара шаңырағы саналатын Семейдің орны ежелден бөлек еді. Абайдай дананы, Шәкәрімдей дараны, Мұхтардай кемеңгер жазушыны дүниеге әкелген қасиетті мекеннің топырағы да, ауасы да, даласы да, айналасы да мен үшін ерекше ыстық. Биыл қос қуаныш көңіл көкжиегімді кеңейтіп, қуаныш сыйлағанын мойындаймын. Біріншісі, жоғарыда атап өткен облыстың қайта құрылуы болса, екіншісі Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойының еліміз бойынша жоғары деңгейде аталып жатқандығы. Сондай себеппен, үлкен жауапкершілікпен Семейдің Абай театрында 10 жылдан кейін “Қарагөз” қасірет-намасын қайта сахналадым. Бұл театр мен үшін таңсық емес! Осыдан 10 жыл бұрын өзім жұмыс жасап кеткен ордам. Ол кезде дәл осы “Қарагөзді” қойған кезде бір жағы ұстазым, бір жағы қызметтес бола білген Қазақстанның Халық әртісі Күләш Сәкиева, Әбілқасым Жаңбырбаев, Құнанбаевтар әулиеті, Шәйзат Бахтиновалар қойылымда ойнап еді. Арада жылдар өтті. Ой да, көзқарас та, заман да өзгерді. Қазіргі жастардың ой-танымына жетсінші деген жаңашылдықпен, жаңа үнмен қойылым өңделді. Әуезовтің бұл туындысында 20-жуық кейіпкер бар. Мен одан 6 кейіпкер шығарып, бір жарым сағатқа жуық қылып қойып отырмын, – дейді режиссер.

Спектакльдің дайындығына небәрі 25 күн жұмсалған. Режиссердің айтуынша, мұндай ауыр шығарманы алып шығу үшін бұл аралық аздық етеді. Дегенмен, Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалы драма театрының әртістері, жалынды жастары ерік-жігерлерін жұмсап, осындай аз уақытта жоғары дәрежеде спектакльді көрерменге ұсынды. Театр әртістерімен қатар, режиссермен жеке байланыста болатын ол – дыбыс режиссері. Музыка актер ойымен, қимыл қозғалысымен қабыса, үндестік заңына бағынуы керек. Бұл ретте, театрдың композиторы Серікжан Айтқалиевтың еңбегін айтпай кетуге болмайды. Үнемі ізденісте жүретін жас, бұл жолы да көпшілік қауымды орнымен орайластырып қойған әуендерімен тәнті ете білді.

Жиналған көрермен басты рөлдегі әр кейіпкермен бір жарым сағат бірге өмір сүріп, сол заманға көшіп кеткендей әсерде отырды. Мұндай қайталанбас көріністі көз алдарына әкелген сөзсіз әртістердің өз кейіпкерлерін үздік ойнап шығуы. Қарагөз айттырылған Наршаның рөлін театр актері Ерен Ахметов сомдады. Нарша- ауылдың маңдай алды ақылды жігіті. Адамгершілігі мол Нарша Қарагөздің қайрылмай , жүрегіне жол таба алмағандығына шерлі болады. Кейіпкердің сабырлығын, парасаттылығын Ерен Ахметов аңдап басқан жүрісімен, нақты айтқан сөзімен алып шықты. Ал, сұлудың бар аңсары ауған ол – Сырым. Екеуі де Қа­рауылдың ұлы мен қызы. Екеуінің қосылуына тас бөгеттей болған қамал- екеуінің туыстық қатынасы. Сырым рөлін театр актері Думан Бәкімбаев ойнады. Ауылдың сал-серісі, көңілі ашық, жүрегі сезімге толы кейіпкер махаббаттың құрбаны. Қыздың көңілін әсем әнімен, шынайы махаббатымен жаулап алған Сырымды актер ерекше сомдады. Сахнада ол айқан бетінен тайсалмайтын қай­­сар, батыл ерлігімен ерекшеленіп, Қарагөзге деген сезімін әсерлі әнімен жеткізеді.

  • Жоғарыда атап өткенімдей, шығарма желісінде Мұқаңның драматургия жанрында 20-жуық кейіпкер болған. Олардың көбін ыңшамдай келе, мен бір кейіпкер бойынан табылсыншы деген оймен, Байғыз есімді жаңа кейіпкерді қостым. Оның рөлінде ҚР Мәдениет қайраткері Әсем Байырова. Сондай терең толғаныспен танылған тағы бір бейне ол- Мөржан. Қабағынан қар жауған кейіптегі Мөржанды Мәдениет саласының үздігі Сәндібала Бекбаеваға лайықтадым. Бұрын ол Қарагөзді ойнаған еді. Адуынды мінез, зілді сөз, батыл қадамдарын жасау арқылы көрермен көз алдында сақталған Мөржанды сомдаған Сәндібаланың өнерін бағалаймын. Қарагөздің жанын түсініп, ішіндегі шерді білетін бір жан бар ол -Ақбала. Алайда, Қарагөз де Ақбала да Мөржан әжесінің қарлы қаһарына төтеп бере алмайды. Ақбала- аты айтып тұрғандай періштедей, нағыз қазақтың қызы. Оның рөлін театрдың талантты актрисасы Альмира Айтжанова ойнады. Жас актрисаның көңілінің ашықтығы, кейіпкердің ішкі тартысын түсіне алып сомдауы таңқалдырады. Болашақта Альмираны бұдан да биік шыңдарды бағындырып, басты кейіпкерлер қатарынан көретініме бек сенімдімін. Бұл қасірет-намада көрерменді баурап алған тағы не екенін білесіз бе?! Ол әуенмен қатар қойылған би қозғалысы. Сан жылдық тәжірибелері бар театр хореографы Рыстығайша Иманбекова қойған бишілер биіне халық риза. Әр режиссермен қарым-қатынаста болып, жұмыс жасайтын суретшінің де еңбегі бар. Ойымды қас-қағым сәтте қағып алып отырған суретші Жанна Жүнісоваға ризашылығымды білдіремін. Енді басынан бостандық ауып, жан тебіренісі сарсаңға түскен басты кейіпкер -Қаргөздің рөлі қалды. Бұл рөлді кімге берсем екен деп ойландым. Көре келе, бақылай келе, театрдың талантты бір актрисасын байқадым. Оның ішкі энергетикасы жалынға, өнерге деген ықыласқа толы. Ол – Әсел Асылбекова. Сахнада жанын салып, зарды айтып, күңіреніп, махабатқа адал болған театрдың Қарагөзі осы Әсел,- деп қорытындылады сөзін режиссер, Қазақстанның Халық әртісі Ерсайын Төлеубай.

Жазушының бар тіл өрнегін қаз-қалпында сақтап, көрерменге ұсынған режиссердің “Қарагөз” қасірет-намасын талғамы биік көрермен жоғары дәрежеде бағалап, әр актерге сеніп, сахнада бірге өмір сүргендей болды.

Айта кетейік, премьера Абай театрында 28 және 29 мамыр күндері сахналанды.

Abai Aqparat.kz

Related Articles