«Қазақстандағы ашаршылық» мұрағат құжаттарында
Бүгін Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуда, деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.
ХХ ғасырдың 30 жылдардың басындағы ашаршылық тарихта аяғына дейін зерттелмеген маңызды мәселе болып қалуда. Қазақстан халқы 1932 – 1933 жылдары республикада болған бұрын-соңды болмаған ашаршылық салдарынан ауыр шығынға ұшарады. Осы алапат қасіреттің салдарынан екі миллионнан астам халқымыздан айырылып қалдық.
20 жылдардың аяғында басталған, ірі малшылардан мал мен мүлікті тәркілеу күштеп ұжымдастыруға негіз болды, ол 1932 жылдың көктемінде ғана аяқталды. Ұжымдастырумен қатар астық дайындау науқаны да белсенді жүріп жатты. Колхоздардан, сонымен қатар отбасылық қордағы барлық бидай запастары алынды, мал өсіретін аудандар да астық өткізуге міндетті болды, ал мал өсіруші қазақтар малды нанға айырбастауға мәжбүр болды. Астық сатып алудың басым бөлігі жазалау экспедицияларына айналды, кулактарды былай қойғанда, шаруаларға азық-түлік, дән, киім, мал және құсты да қалтырмады. Ал, колхоз қажеттілігі үшін алынған малдар орнында сойылды, өйткені бір жерге жиналған малды бағу мүмкін болмады. 1930 жылдың қысында ет және жүнді дайындау бойынша ауқымды науқан ірі көлемдегі қойдың суықтан өлуіне әкеп соқтырды.
Мал шаруашылығы үлкен шығынға ұшырады. Ірі қара мал басының саны 1932 жылы, 1928 жылмен салыстырғанда 7 есеге, ал қой саны – 14 есеге азайды. 1928 және 1929 жылдарда өзінің климаттық жағдайымен қолайсыз болды, көптеген дақылдар шықпай қалды. Аштық тағы бір қиындықты – қазақтардың жаппай көшуін әкелді. Жүздеген мың адам республикадан тыс шетелдерге көш аударды. Көшіп-қонуларына ашаршылық, кедейлік, торығу себеп болды. Мыңдаған қазақтар Қытай, Монғолия, Иран, Ресей, Қырғыз, Түркімен және Ауған жерлеріне көш аударды. Қалғандарын ашаршылық пен қамаулар тосты.
Ұжымдастыру мен иеліктен шығару қатал қуғын-сүргін шараларымен жүргізілді. 1932 – 1933 жылдары билікке қарсы шыққаны және астықты, етті жасырып қалғандары үшін 33 мың адам сотталды, 6 мыңнан астам адам республикадан тыс жерлерге жер аударылды. Сол уақытта Қазақстанға және КСРО-ның өзге де аймақтарынан иеліктен, күнелтуге қажетті заттарынан айырылған 180 мыңнан астам адам жер аударылды. Бұрынғы Трапезников былғары зауытына тоқтаған көшпелілердің жағдайын зерттеу нәтижелері бойынша Шығыс Қазақстан облыстық дәрігер-санинспекторы Сеитовтың анықтамасында «…олар ашық аспан астында жел мен жаңбырдан ықтануға ешқандай мүмкіндігі жоқ шалғында орналастырылды, сонымен қатар бұл жер өте ылғалды болды. Жер аударылғандарда төсек-орынның және киім-кешектің болмауы оларды тығырыққа тіреді. Жер аударылғандардың жалпы саны 630 адам. 400-ге де, 630 адамға да тамақта бір мөлшерде ғана жіберіледі…».
Аштықтан, аурудан, қиын жағдайларда өмір сүруден адамдар қайтыс болды. Семей қаласындағы жер аударылғандар үйлерінің жағдайы туралы анықтамадан: «Училище көшесі, 90-үйдегі оқшаулауда 2229 адам бар. 4 қызметкермен ғана қызмет көрсетілуде. Орын-жай жеткіліксіз, адамдардың көпшілігі қоршауда және далада. Медициналық көмек жоқ. Науқастар бар, алайда олар оқшауландырылмаған. Күнделікті 15 адамға дейін қайтыс болуда. Қайнаған су мүлде жоқ. Ассенизациялық вагон жоқ. Ғимараттың айналасында бәрі дәретханаға ұқсайды».
Бірақ аштық жағдайында ең осалы балалар болды. Үлкендердің қарауынсыз қалған мыңдаған балалар Қазақстандағы ашаршылық кезінде сөзсіз өлімге кесілді. Көршілес облыстарға, атап айтқанда, Батыс Сібірге қоныс аударуда ата-аналарынан айырылған балалар баспанасыз қалды. Ата-аналары балаларын, әдейі тастап кету фактілері де орын алды. Қазақстанның және Сібірдің балалар үйлері толып кетті. Жер аударылғандардың балаларына арналған Озерка балалар қалашығының аймақтық денсаулық сақтау басқармасы жұмысшылар мен шаруалар инспекциясы бақылау комиссиясының тексеру туралы есебінен: «…Балалар қалашығына тиесілі ғимараттар балалар мекемесіне бейімделмеген, аумақ бұрынғы зауыттың сырлау орны болған өнеркәсіп қалдығы, сондай-ақ тоған судың шығуы және балшықтан шыққан жағымсыз иіс күшейеді. 370 балаға 8 тәрбиеші (барлығы мамандандырылмаған), 2 күтуші, 1 орын-жай жинаушы, 2 жұмысшы бар. Тәрбие жұмысы мүлде жоқ, бұл біздің байқауымызбен және балалардың мінез-құлқымен анықталады. Балалардың қашулары орын алған, балалар ештеңемен айналыспайды, барлығы бос, зауытты аралап қаңғырып жүр, лай суға шомылып, зауыт қоқыстарын ақтаруда. Медициналық қызмет көрсету жоқ, залалсыздандыру жабдықтары да жоқ. Демек, іш сүзегімен ауырғандар саны көп. Балалар ауыру жұқтырған, шаштары өскен, лас қалпына әкелінуде. Зерттеу кезінде 28 бала ауыру жұқтырған, оларға өлім қаупі төнуде. Сонымен қатар науқастар ауыру түрлеріне қарамастан барлығы бір жерге жатқызылған. Балалар арасында ауыруының айқын инфекциялық белгілері бар ересек сифилит науқасы да жатыр. Осы науқастардың барлығы дерлік персоналдың жетіспеуіне байланысты астына жіберіп қояды немесе еденге, кіре-беріс есік алдына дәрет сындыруда…».
Балалар үйінің тәрбиеленушілері арасындағы өлімнің үлкен деңгейіне қарамастан, ата-аналарынан, туғандарынан айырылып көшеде қалған балалар есебінен олардың саны өсе түсті. Қазақстанның кей аумақтарында халықтың ауыл болып қырылып қалулары да болды. Балалар үйінде негізінен жағдай өте нашар болды. Орын-жайлар балалардың тұруына бейімделмеді, қажетті іш киімдер және сырт киімдер болмады, медициналық қызметтің жетіспеуі балалар арасында эпидемиологиялық аурулардың таралуына әкелді және өлім санын көбейтті. ШҚО Бородулиха ауданындағы жер аударылғандарды орналастыру жөніндегі жедел үштік отырысының хаттамасынан: «…Қызылауыл балалар үйіне қабылданған 668 баланың 177 қайтыс болды, 93 бала қашып кетті, факті жүзінде 398 қалды. Мектеп жұмысымен 80 бала қамтылды. Мұғалімдер жоқ, олармен тәрбиешілер жұмыс жасауда. Киім-кешекпен қамтамасыз етілмеген, барлығы 103 пальто бар…».
Бала кезіндегі аштық туралы естеліктер жаңа заманғы тарихи құжаттама орталығындағы жеке шығу қорларында да сақталған. Бекбаев Асылхан Табылдинович, Ұлы Отан соғысының ардагері: «…«Балалық шақ» сөзі. Қандай біріктірілген ұғым. Өкінішке орай, менде балалық шақ болған жоқ. Мен балалық шағымды шегі жоқ ауыр оқиғалар тізбегімен еске аламын. Мен 5 жаста болғанда, қызылшадан үлкен ағам қайтыс болды. Менде қызылшаның күрделі түрімен ауырдым, бірақ құдыреттің арқасында аман қалдым. Содан кейін біздің мыңдаған азаматтарымызды жалмаған ашаршылық жылдары басталды. Сол жылдары мен өзімнің Жұматай есімді інімнен айырылып қалдым, бұл әлі күнге дейін менің жүрегімді ауыртуда.
1932 – 1933 жылдары біздің қала көшелерінен ересектер мен балалар әрең жүріп өтетін. Балалар үшін Озерки ауылында (Семей қаласының шет ауданы) балалар үйі ұйымдастырылды, біз Жұматай екеміз сонда түстік. Жұматай менен екі жас кіші болды, сол уақытта ол 5 жаста болатын. Ініміз екеміз бөлек топтарға түстік, мені өз жасымдағы балалармен, ал інім Жұматайды өз құралпастарымен орналастырды. Біз інім екеміз күніне бір рет ғана асханада кездесетінбіз, түскі аста балаларға тек бір кесе сорпа мен бір тілім нан беретін. Расында, біз аш болдық. Бір күні Жұматай асхана келген жоқ. Ол бірге тұратын балалардан сұрадым, алайда олар неге екенін білмедім ештеңе айтпады. Сонда мен інім тұратын үйге бардым, ол жерде інім болмады. Үй айналасында ұзақ жүрдім, содан кейін балалар үйінде жұмыс жасайтын қарт ер адамды жолықтырдым. Одан Жұматай туралы сұрағанымда, оның жауабы: «- Сен ініңді іздеме, сен оны таба алмайсың». Содан кейін мен мұқият іздеу жүргізіп, отын сақталатын сарайдың ішіне кірдім. Сарайдың ішінде аштықтан, аурудан қайтыс болған балалардың мәйіттері жатты, олардың арасында менің інімнің мәйіті де болды. Содан бері міне бірнеше онжылдықтар өтті, бірақта сол кездегі бейне менің көз алдымда. Мен өз өмірімде көп қиындықтарды бастан өткердім. Ұлы Отан соғысы жылдарында ауыр жарақат алдым, бірақ інімнен айырылу – бұл менің бүкіл өмірімде емі жоқ жара».
Табариков Сейтмухамет Табариковичтің естеліктерінен: «мен Семей облысы, Абыралы ауданы, № 2 Сарыапан ауылындағы көшпелі қазақтың отбасында дүниеге келдім. Ашаршылық басталып, халық өздерінің жылы мекендерінен қоныс аудара бастағанда, мен шамамен 3 – 4 жаста болдым, ал інім Нұрмұхамет мененде кіші болды. Менде айтарлықтай балалық шақ болған жоқ. Керісінше, оны өмірге бейімделделудегі (өмірсүруге деген) үздіксіз сынақ деп атауға болады. Ұлтымыздың басына түскен қайғы-қасірет біздің отбасымызды да айналып өткен жоқ. Абыралы ауданын бірінші болып екі ұлымен және қызымен анамыз тастап кетті. Өлім алым жинады. Қатал алым. Бір кездері үлкен ағайынды отбасы біздің көз алдымызда еріп, жүздеген, мыңдаған шақырымға бақытсыздықтан ыдырап кетті.
Туған інім, Нұрмұхамет аштықтан көз жұмды. Семей қаласындағы балалар үйіндегі ағаларым Қали мен Өкеш жоғалып кетті, ал әпкем Ғайни Әбдікәрім есімді азаматқа тұрмысқа шықты, мекенжайын тастамай жоғалып кетті. Мені әкем өз қамқорлығына алып, мені бір сәтке де көзден таса қылмады, бәр жерде арқалап, тіпті өзі темір жолдың 8-ші шақырымында жұмыста жүрсе де қолынан жібермейтін, соңғы ұрпағынан айырылғысы келмеді. Сол қиын уақытта туыстары мен ауыл ақсақалдары, өзін аштықтан құтқарғанның орнына, өз мойнына бала күтімін ауыртпалыққа алды деп әкемді сөкті. Үлкен адам ғұрлы жас баланың өзін жаппай аштықтан құтқару өте қиын болды. Көптеген балаларды ата-аналары, біреулер алады деген үмітпен жол бойына немесе асханалардың босағасына қалтырып кетті.
1934 жылы әкем мені өзімен бірге Сібірге, Семейдегі ашаршылық кезінде солтүстікке кеткен, жоғалған әйелі мен үлкен қызы Күлпанды іздеу үшін ертіп алды. Мен бірінші рет Ресей Федерациясының Кузнецк облысының «Тяпки» темір жол стансасына жақын жерде орналасқан орыстың сүт-тауары фермасында тойғанымша сүт іштім, нан жедім. Ол жерде біз 1932 жылы жоғалған анамызды таптық. Екі жылға созылған айырылудан кейін біздің отбасымыз бір ошақ басында жиналып, қайтыс болғандарды, жоғалғандарды жоқтады, одан ары қалай өмір сүру керек екенін талқылады. Мен өз ғасырымда көп нәрсені бастан өткердім. Өмір мені еркелеткен жоқ. Аштықтың азабынан белгісіз тылсым күш арқылы өттім. Маған, соғыс кезеңіндегі балаларға сияқты ауыр өмір тағдырын кештім. Осының барлығы ерте есеюге себеп болды, мен қатайдым, көп нәрсеге ұстамды болдым, кез келген өмір жағдайына бейім болдым».
Ахмеров Габдулгазиз Гайнутдинович, Ұлы Отан соғысының ардагері, Семей қаласының құрметті азаматы: «Мен Семейде дүниеге келдім. Менің әкем желім зауытында жұмыс істеді, анам үй шаруашылығында болды. Отбасында менен басқа тағы үш ұл бала болды.
Құлдырау жылдары өмірде болған барлық нәрсені еске түсіру қиын. Жылдар, істер мен оқиғалар, әсіресе балалық шаққа қатысты көп нәрсені есімізден шығарды. Тек ұмытылмас оқиғалар ғана есте қалды. 30-шы жылдар есімде, адамдар тойып тамақтанбады, әрең күн көрді. Бізде үйде үй диірмені болды, онда жарма немесе ұн жасау үшін бидай, сұлы ұнтақтадық. Диірмен дөңгелек екі бөренеден, тегіс диірмен тасынан тұрды. Төменгі ағаш кескінде темір таяқша орнатылды, оған бидай салатын саңылауы және айналдыру сабы орнатылған үстіңгі бөлігі киілді. Бауырларыммен мен көбіне осы «механизмді» қолымыз қанталағанша айналдыруға тура келетін.
Таң атқаннан бастап дүкенде нан кезегінде тұрғаным есімде. Ұзақ күткен нанды алғаннан кейін ашулы ересектер дүкеннен теуіп шығарған күндері де болды. Нанды денеме қатты қысып, үйге әкелетінмін. Нанды тойып жеген емеспіз, тәттіден тек, мереке күндері жейтін шақпақ қантты білдік.
30-шы жылдардың соңында халықтың өмірі жақсара бастады. Барлық жерде адамдар біраз жеңілдіктер сезінді. Сол кезде ағам Габдулгафар екемізге костюм сатып әперді. Біз оны кезектесіп кидік немесе үстін бөлек, шалбарын бөлек кидік. Біз бұғанда қуандық, бақытты санадық.
Бірнеше жыл өтсе де, неліктен біз басымыздан өткендерді айтып, ол туралы жазатынымыз туралы жиі сұрақтар туындайды. Біріншіден, біздің ұрпақтың басына ашаршылық жылдарындағы қиыншылықтарды беремесе екен деп тілейміз».
Semeynews.kz