Семейде футболды дамыту керек – Самат Смақов
4 маусымда «Спартак» стадионында көлемді футбол фестивалі – Абай облысының құрылыуына арналған, Андрей Карповичтің достарымен жолдастық кездесу өтеді, деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.
Фестиваль аясында балаларға арналған мастер-класс, қайырымдылық гала –кеші және Андрей Карповичтің достарымен жұлдыздық кездесу – «Достар» командасы мен «Елімай» командасының жолдастық кездесуі өтеді. Көлемді іс-шараға Қазақстанның атақты футболшысы; еліміздің алты дүркін чемпионы, бес дүркін жүлдегері және төрт дүркін «Қазақстанның үздік футболшысы» Самат Смақов қатысады.
Футбол фестивалі қарсаңында Abaiaqparat.kz тілшісі атақты жерлесімізбен сұхбаттасты.
— Мен бұл мерекені жібермеймін. 2 маусымда мен қалаға келемін. Бізде балалармен мастер-класс жоспарланған. Барша футбол сүйер қауымды футбол мерекесі өтетін «Спартак» стадионына шақырамын. Семей тұрғындары осындай іс-шараларды сағынған шығар, — деді Самат Смақов.
Жаңа Абай облысының құру туралы жаңалық спортшымызға үлкен қуаныш сыйлады.
— Мен өзім Семей қаласының тумасымын. Алматыда ұзақ жылдар тұрсам да, жылына бір рет Семейге келіп кетемін, себебі менің барлық туыстарым, ата-анам Семейде тұрады. Сондықтан, мүмкіндікке қарай жиі келуге тырысамын. Абай облысын құру туралы жаңалықты естіп қатты қуандым, өйткені біздің Семей облысы баяғыда таратылды, қала үнемі субсидияланды. Баршаңызға белгілі, басқа қалалармен салыстырғанда, Семей қаласының дамуы тоқтап қалды. Облыстың құрылуы, қаланың дамуына серпіліс береді деп ойлаймын, — деп өз ойымен бөлісті футболшы.
«Елімай» командасын қайта жаңғырту туралы ақпарат семейлік жанкүйерлер үшін қуанышты жаңалық болды. Спортшының айтуынша, «Елімай» командасын жаңғырту – ұжымдық шешім.
- Біз Семейдегі футболға жанашыр жандардың барлығымен талқыладық. Барлығы Абай облысын құру туралы Жарлықтың күшіне енгенін тосып отыр. Семейдегі футболды нөлден бастау қажет. Семей – қазақстандық футболдың Отаны екенін ұмытпауымыз қажет. Балаларды тартып, барлық инфрақұрылымды қайта құру керек. Бұл үшін қажетті спорттық лагерлер, ескі база бар. Енді барлығы облыстың бірінші басшыларына байланысты, — деп түйіндеді Самат Смақов.
Балалармен мастер-классты атақты футболшы сенбі күні «Турист» қонақ үйі ауданындағы футбол алаңында, сағат 10:30-дан сағат 13:00-ге дейін өткізеді. Сағат 16:00-де «Спартак» алаңында Андрей Карповичтің достары және «Елімай» командасы арасындағы жолдастық кездесу өтеді. Кіру тегін.
Abai Aqparat.kz