Семейде Невзоровтар отбасы атындағы музейде ерекше көрме ашылды

Халықаралық балаларды қорғау күнінде «Дара» қайырымдылық қоры, Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейімен бірлесіп, «Әлемді ашамыз: Қазақстандағы музейлерде қолжетімді орта құру» жобасын ұсынды, деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.

Жобаның мақсаты – зағип және нашар көретін балаларға арнайы ауызша суреттеу және тактильді модельдер арқылы көркем шығармалармен танысуға көмектесу.

Экскурсия басталғанға дейін нашар көретін келушілерге арнайы аудиогид таратылды. Қондырғы МР3-плееріне немесе кішігірім мобильді телефонға ұқсас, белгілі бір сандық комбинацияны басқанда, қондырғы келушіге сандық комбинацияға жүктелген картина туралы толықтай ақпараттарды айтып  береді.

  • Дыбыстау бізде екі тілде: қазақ және орыс тілдерінде. Ең бастысы, екі жағдайда да дикторлар сол тілдің сөйлеушілері. Дикторлар, соның ішінде «Дара» қорының өкілдері аудио жазды, оның фонына әуен қойды, осылайша аудиогид жасады. Енді зағип немесе нашар көретін келушілер өздігімен қондырғыны қосып, белгілі бір картина туралы ақпараттарды ала алады. Аудиогидте тетікшелер бар. Егер келуші Брайль шрифтін білетін болса, ол аудиогидте теру керек картиналардың нөмірлерін анықтай алады. Қондырғыда экспонаттың нөмірін терсеңіз, құлаққаптарда ол туралы ақпарат бар аудиожазба қосылады, — деп түсіндірді «Дара» қорының қолжетімділік жөніндегі консультанты Қасиет Омарова.

Невзоровтар отбасы атындағы музей «Дара» қорынан сыйлық ретінде аудио тректердің жалпы ұзақтығы 140 минуттан асатын 15 аудиогид алды. 47 өнер туындысы қазақ және орыс тілдеріндегі аудио-сипаттама алды. Дауыстауға Қазақстанның бейнелеу өнерінің, XVIII ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басындағы орыс өнерінің даму жолындағы, XVI – ХХ ғасырдың басындағы батысеуропалық кескіндеме және графика өнерінің экспонаттары ұсынылды.

Жергілікті шеберлермен қосымша кең көлемде экпонат бейнесін беретін жазық көлемдегі 11 тактильді модель жасалды. Қазақстанда алғаш рет картинаның 2D және 3D тактильді моделі ұсынылды. Жоба шеңберінде қолжетімділік мәселелері бойынша зағип сарапшылар тартылды. Сонымен қатар зағип және нашар көретін келушілермен жұмыс жүргізу бойынша музей қызметкерлерін оқыту ұйымдастырылды.

Осындай тұсаукесерлер Қарағанды, Атырау және Павлодар музейлерінде өтуде. Жобаны жүзеге асыруға қажетті қаражат 2021 жылғы жазда өткізілген қайырымдылық акциясы арқасында жиналған.

Abai Aqparat.kz

Related Articles