ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ
ОЗУ МЕН ТОЗУ АРАСЫ
Бүгінде жұмыр жер беті жаһандану дәуірін өткеруде. Осынау аумалы-төкпелі заманда ақыл ойдың жүйрігін баптап мініп, білім мен ғылымның тұлпарын тақымдаған жұрт қана алға озады. Өркениет көшіне ілесе алмағандар шаң қауып, жоқ тістеп тозады. Былайша айтсақ біреудің қырық жылғы қаңсығын таңсық көріп шығынданып, өзінің байлығын өзгенің шайлығына өзі апарып береді. Суреттеп сөйлегенде көз алдыңызға келген картина аса ұнамды әсер қалдыра қоймасы анық. Алайда мойындауға тым ауыр болса да шындық осы.
Төрткүл дүние, алты құрлық елдері жоғары қарқынмен өркендеп дамуда. Ақыл ой иелерінің еңбегінің құны мен инновациялық технологияның дәурені дүркіреп тұр. Білімі мен ғылымы заман көшіне сай мемлекеттер ғана жалаңдап, жұтынып тұрған алпауыттардың азуынан аман, тырнағынан сау күн кешеді.
Біздің мемлекеттік саясатымыз да арманды алдыға салып қойып, қиял жетегінде қалғып жүретін шақ емес екенін аз айтып жүрген жоқ. Таланттылар мен талаптыларға, әр саладығы ақыл ой иелеріне қамқорлығын көрсетіп, қолдау білдіріп жүргенін де көріп, біліп жүрміз.
Иә, ондаған жылдар бұрын кинодан ғана көретін қиял ғажайыптардың барлығын көзімізбен көріп, қолымызбен ұстап жүрміз.
Инновациялық қызмет көпшілік жағдайда ғылыми, техникалық қамқорлығын идеялардың жүзеге асырылуымен, нарық сұранысына сәйкес нақты өнім мен технологиялардың өңдеулерімен байланысты болып келеді. Нарықтық экономика жағдайында инновациялық қызметті басқару механизмінің экономикалық жетілдіруді қалыптастырудың қажетті негізгі шарты инновациялық кәсіпкерліктің дамуы болып табылады.
Медициналық бағытта инновациялық жобаларын іске асыру арқылы ел нарығымен қатар алыс—жақын шет мемлекеттермен байланыс орнатып, жүйелі жұмыстарын бастап жүрген «MED 365» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Талантты да талапты қазақ жастарынан құрылған ұжымның жұмысымен мемлекет басшысы Қасым—Жомарт Кемелұлы арнайы танысып жоғары бағасын берген. Жақында Премьер Министр, Үкімет басшысы мен Министрлік те қабылдағанын ақпарат айдынынан білеміз. Айтпақшы, алдағы уақытта болатын «Алтын сапа» байқауына үміткерлер қатарында да бар екен. Айрықша өнім өндіруші, жігерлі қыз жігіттерден құралған алтындай жастарды «Алтын сапа» сыйлығына әбден лайық деп бағалаймын. Озық ойлы жастардың қолға алған жобасы қандай, серіктестіктің жоспары нендей екенін білсек деп жүргенде мекеме басшысы, ақыл ой, интеллектуалдық қарым қабілет, білім—біліктілігімен дараланып жүрген Қазақстанның алтын жасы, жас ғалым, өнер тапқыш Шыңғыс Құлахметовпен сұхбат жүргізудің сәті түсті.
СӘТІ КЕЛГЕН СҰХБАТ
АҚЫЛ ЖАСТАН немесе АҚЫЛДЫ ҚҰРЫЛҒЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ ҚАНДАЙ?
- Ассалаумағалейкум Шыңғыс Ғабиденұлы! Бүгінде тәуелсіз мемлекетіміздегі талапты жастардың бірі ретінде медициналық инновациялық бағыттағы стартап жобаны іске асырудасыздар. Ата Заңымызда Адам өмірі мен бостандығы ең жоғары құндылық деп бағаланған десек, ұлт саулығы халық денсауылығын мақсат тұтқан маңызды жоба, оның іске асуы мен құндылығы туралы оқырман қауымға ақпарат беріп өтсеңіз?
— Уағалейкумассалам Ермек Тұрсынұлы! Арнайы сұхбатқа шақырғаныңызға үлкен рахмет. «Аягөз қаламгерлерінің қара шаңырағы» саналатын тоқсан жылдық тарихы бар «Аягөз жаңалықтары» газетін жақсы білемін. Марқұм әкеміздің ең алғашқы тырнақалды туындылары да осы басылымда жарық көрді. Штаттан тыс тілші ретінде де жазған дүниелерін газет тігінділерінен көруге болады. Кейін де Алматыда тұрса да жан тәнімен жақсы көретін Аягөзге келгенде редакцияға бас сұқпай кетпейтін. Осындағы Рысхан Дүйсенғазин ақсақал, Аманжол аға Арғынгелдин, тағы да басқа қаламгер журналистермен ықыласпен әңгімелесіп, сағынысып жолығысатын. Өзім де әкеммен бірнеше рет келгенмін. Біздің серіктестік пен қолға алған жобамыз туралы қойған сұрағыңызға және маңызды ақпаратты тұрғындарға жеткізсек деген мұрат мақсатыңызға разымын.
Қазақстан Республикасы «Еңбек кодексінің» 185-бабына сәйкес қауіптілігі жоғары жұмыстарда, машиналармен және механизмдермен жұмыс істейтін қызметкерлер ауысым басында және соңында медицина тексеруінен өтуі керек. Бірақ ірі кәсіпорындар үшін жұмысшы санының көптігіне байланысты бұл заңды орындау тиімсіз болып отыр. Бұл мәселені біздер Med 365 стартабы жасанды интеллект көмегімен шешуді ұсынудамыз.
- Өндіріс орындарында жұмысшылардың денсаулығын қалай бақылайсыздар. Жалпы Medtech бағытындағы стартаптың идеясы қалай келді? Med 365 жобасы қандай мәселені шешеді?
— Сенесіз бе? Біздің стартап бастауға идея іздегенімізде ең басты мақсатымыз мол табыс табу емес, әлеуметтік мәселені шешу болды. Отбасындағы тәрбие, ата-анамыздың санамызға құйған мақсат-мұраты ел игілігі жолында еңбек ету болған соң халқымыздың қажетіне жарайтын іспен айналысуды бала кез, бозбала шағымнан бері басты бағдарым ретінде алдыма қойдым. Сонымен қатар, асқар тау әкемнің бар болғаны 51 ақ жасында жүрек талмасынан қайтыс болғаны қатты ойландырды. Осы бір ауыр оқиға, қайғылы қаза жанымызға қатты батты. Отбасылық өмірімізді де күрт өзгертті. Ол кезде мен студент едім.
Сол шақтары адамдар бойындағы қандайда болмасын ауруды ерте кезінен анықтаудың маңызды екенін түсіндім. Мойындау керек, біздің елде көбіне ер адамдар денсаулығына немқұрайлы қарайды. Тіпті мән бермейді деп айтсақ та болатын шығар. Дәрігерлер де адамдардың ауруы асқынғаннан кейін келетінін айтып, алдын-ала тексерілу мен, дерттердің ерте кезден анықтауға асықпайтынын айтып дабыл қағуда. Осы орайда біз өндірісте жұмыс істейтін азаматтардың денсаулық жағдайын жасанды интеллект көмегімен ерте анықтайтын Med 365 жобасын қолға алдық.
Құрастырған құрылғыларымыз өндірістік компаниялардағы жұмысшылардың жұмысына кіріспес бұрын медицина тексеруінен жылдам өтуін қамтамасыз етеді. Оның көмегімен қызметкерлердің қан қысымын, мас болу дәрежесін өлшеп, инсульт қатерін алдын алуға болады.
Мысалы, ірі компанияларда 100-150 қызметкер бір уақытта жұмысқа келеді. Денсаулығының жұмысқа жарамдылығын қазірге дейін дәрігерлер берген анықтама көмегімен немесе есік алдында отырған медбике көмегімен анықтайды. Ол адамның қан қысымы көтеріліп тұрса, дәрісін беріп жұмысқа кіргізе береді. Ал ондай жұмысшының жұмыстағы белсендігілі төмендейді, ең қауіптісі денсаулығына күш түсіп, басқа ауруы асқынуы мүмкін. Міне, осындай адами фактор жиі болатын жерде жасанды интеллектіні алдау мүмкін емес.
Жұмысшылардың әрбірін дәрігер тексеретін болса 7-10 минут уақыт алады, ал, біздің құрылғыға тексерілсе, 1 минут 10 секунд уақыт кетеді. Бұл көп жұмысшысы бар кәсіпорындарға өте тиімді. Алтыннан да қымбат саналатын уақытың үнемділігімен қатар ең бастысы жұмыскердің денсаулық жайын нақты анықтама алу мүмкіндігі болады. Бұлардың барлығы өндіріс орындарындағы қайғылы жағдайлардың алдын алудан бастап, еңбек өнімділігіне де үлкен үлес екенін түсініп отырған шығарсыз.
- Осы өнертапқыш құрылғыға еліміздің аумағындағы өндіріс компаниялары қаншалықты мұқтаж? Олардың ойлары қалай, пікірлері нендей? Қанша құрылғы сатылды?
— Мысалы, металлургия саласында, жалпы темір балқытатын цехтарда жұмыс істейтін адамдардың кәсіби ауруы тыныс алу жоларына байланысты. Уран саласының қызметкерлеріне де радиацияның кесірі тиеді. Ресми дерек бойынша, елімізде 1,5 миллионнан астам адам қауіпті, аса қауіпті ауыр жұмыс орындарында жұмыс істейді. Ал, олардың кәсіби ауруын есепке алып отырған компаниялар өте аз. Көбіне шынайы ақпаратты жасырады.
Өткен жылы еліміздегі өндіріс орындарында 1500-ден астам адам зардап шеккен. Оның 200-ден астамы жұмыс істеп жүрген жерінде түрлі себеппен қайтыс болған. Өндіріс орындарындағы жұмысшылардың жарақат алуы, денсаулығының сыр беруі азайған емес.
Мұның бірден-бір шешімі – жұмыс берушілердің қызметкерлерінің денсаулығына немқұрайлы қарамай, оларға қолайлы жағдай жасау. Бірақ көп компания мұндайға жиі көз жұмады, жарақат алған адамдардың статистикасын бұрмалап, кей оқиғаны жасырып қалып жатады.
Осы мәселені шешу үшін 2019 жылғы Женевада Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы арасында Vision Zero нөл жарақат тұжырымдамасы туралы меморандум жасасты. Оған былтыр Қазақстанның 291 кәсіпорыны қол қойды. Олар жұмыс орнындағы жазатайым оқиғаларды азайтуға және еңбек қауісіздігін күшейтуге міндеттелді.
Осы меморандумнан кейін жұмысшылардың денсаулығын қадағалауға көмектесетін құрылғыға да сұраныс арта бастады.
Біздің компанияның қалыптасуына тікелей ықпал етіп, біліктілігіміздің шыңдалуына себепкер болған тілеушіміз – Astana Hub. Құрылған аз ғана жылдың ішінде көптеген азаматтың кәсібін дөңгелетуге зор үлесін қосып, тиімді бағыт-бағдар сілтеп, әдістемелер ұсынып, соқпағы мен иірімі көп жолдан адастырмай алып келе жатқан Astana Hub басшылығы мен ұжымына зор алғысымызды білдірсем деймін.
Бізде құрылғыны сату ғана емес, оны жалға беру қызметі де бар. Оны сатып алуға шамасы келмейтін компаниялар 2-3 жылға жалға ала алады. Бүгінге дейін 100-ден астам құрылғы сатылды. Құрылғының атауы – автоматтандырылған медицина тексеру аппараты. Құрылғы сертификатталған, ол – біздің 100% интеллектуал меншігіміз.
Құрылғыны сатып алған компаниялардың көбі «Самұрық-Қазына» акионерлік қоғамына және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» еншілес компанияларына тиесілі.
- Сіздердің ойлап шығарған медицина құрылғысының Қазақстанда және шетелде баламасы бар ма? Болса қай жерлерде?
— Қазақстанда жоқ, Ресейде бар. Сол үшін Ресейдің нарығына кіре алмай отырмыз. Себебі Ресей өздерінің отандық өндірушілерін қатты қолдайды, ал бізде керісінше, шетелдік өндірушілерге жеңілдік қарастырылғаны жасырын емес. Алдағы уақытта бұл олқылықтың да орны толатын шығар. Оң бағыттағы өзгерістер, жарқын жобалардың қолға алынып жатқанына қарап айтамын.
Иә дұрыс айтасыз. Өз ғылымын дамыту мен өз ғалымдарына жағдай жасаудан ұятты болып жатқан жайымыз бар. «Жаңа Қазақстанда» жас өнертапқыштарды қолдау мен жоғарыда Сіз көтерген мәселелер де жолға қойылар деп сенеміз. Өзімізді өзіміз өгей көріп, қағай санаудың нәтижесі туралы қазір де аз айтылып жатқан жоқ.
- Құпия болмаса жалпы құрылығының бағасы қандай? Бұл өз кезегінде өнім өндірушілеріміздің қалтасы көтермейтін бағада емес пе?
— Келер күннен үмітіміз мол. Алдағы уақытқа жоспарларымыз да орасан. Уақыт келгенде оны да көріп біле жатарсыздар. Құрылғының құны – коммерциялық құпия. Себебі әр компанияның тапсырысына байланысты бағасы да әртүрлі шығуы мүмкін. Тиімділік әсері жоғары құнды құрылғы болған соң бағасы да соған сай деп айтар едім. Сол үшін де кейбір өндірушілер жалға алады. Құрылығының құны қанша болса да, өндірістік компаниялардың барлық қажетін өтей алады, оның үстіне медицина шығынын да әжептәуір үнемдейді.
Мысал ретінде айтатын болсақ компания қызметкерлерін сақтандырады, медицина қызметін көрсету бойынша сатып алу тендерін тағы жариялайды, жұмыста ауырып қалған адамға дәрі сатып алады. Соның барлығының құны мен еңбек өнімділігін есептесеңіз біздің құрылғы құнынан да әжептәуір көп шығын шығуы мүмкін.
- Жақсы жоба, тиімді құрылғылар екен. Қазақстан нарығындағы кәсіпорынның барлығын осындай құрылғымен қамтуға стартаптың шамасы жете ме? Есеп жүргізіп, жоспар жасап көрдіңіздер ме?
— Шынын айту керек біз алдымызға Қазақстанның нарығын толық қамту деген стратегиялық мақсат қойған жоқпыз. Дегенмен, есептеп көрсек, нарықтың потенциалы 30-40 миллион долларға жетеді. Бұл – кұрылғы сатуға сонша мүмкіндігіміз бар деген сөз.
- Белгілі бір істі бастау мен ары қарай дөңгелентіп алып кету үшін қаржы қаражат алғашқы кезектегі мәселе екені даусыз. Стартапты қанша қаржымен бастадыңыздар? Қазір кім қаржыландырады?
— 2019 жылдан қазірге дейін стартаптың дамуына 350 миллион теңге қаржы құйдық. Қазір құрылғы сатудан түскен табысымыз арқылы ол шығынды толық қайтардық. 260 миллион теңге инвестиция тарттық.
- Алдағы уақытқа қойған мақсат мұраттарыңыз туралы айтып өтсеңіз?
— Қазір нарықтың потенциалы 40-50 миллион доллар көлемінде екенін айттым. Оған толық шамамыз жетеді. Ендігі мақсат – Қырғызстанның, Өзбекстанның өндіріс саласын зерттеп, солардың нарығына кіру.
Украинада да IT саласын қолдау хабары бар. Сол жақтан әріптес іздеп, бірлесе жұмыс істеу. Өйткені Украина мен Ресейде кеңес заманынан қалған көптеген өндіріс орны бар. Сол үшін құрылғымызды барынша жан-жақты дамытпақпыз, мобайл нұсқасын ойластырып жатырмыз. (Қазіргі Ресей Украина арасындағы соғыс салдарына байланысты осы бағыттағы әңгімені ойлап өзгертсек.)
Жақын уақытта Стамбулға сапар шеккелі отырмын. Ол жақта да өз өнімізді ұсынып жұмыс жасау ниеттеріміз бар.
Алаштың ардақтысы Сұлтанмахмұт Торайғыров:
«Алдымда толған мақсат, толған арман,
Алайын анасын ба мынасын ба?» дегендей арман мақсаттарымыз өте көп. Еліміздегі де шет елдегі де біраз өнеркәсіптермен оң бағыттағы келіссөздер жүруде. Құдай бұйыртса жақсы жаңалыққа орай жағымды сұхбат та беріп қалармын.
- Қазақта түп негіз, ата тек, ата мекен деген керемет ұғым қасиетті қағида, ұлағатты ұғымдар бар. Осы туралы айтып өтсеңіз.
— Сұрағыңыздың төркінін түсіндім. Иә біз Аягөздікпіз. Әкем Ғабиден (азан шақырып қойған есімі Зейнел-Ғабиден) Құлахмет Садықұлы 1955 жылы 14-сәуірде қазіргі Шығыс Қазақстан бұрынғы Семей облысы, Аягөз ауданы, Шолпан ауылында дүниеге келген. Руымыз — Орысмедет. Жанғұлы-Меңлібай, Қаракерей-Семіз Найман, Медет, Жарқымбай, Бигелді, Жәлмембет, Қареке, Құлахмет, Садық аталарымыздың әр қайсы үлкен тарих.
Әкеміздің әкесі Садық атамыз тұла бойынан тектітілік есіп тұратын, абыройлы жан болған. 1936-1937 жылдары Жүзағаш ауылдық кеңесінде бастауыш мектептің мұғалімі, 1937-1938 жылдары ашылған Жүзағаш орта мектебінің директоры қызметін атқарған. Сұрапыл соғыс жылдарында (1942-1943) Садық әкей ауылда мектеп директоры болып, бала оқыту ісін тоқтатпаған. Өзіміз өскен ауылда бір көшенің аты қарт ұстаз, ардақты атамыздың атымен аталады.
Апамыз Нәбия Тұрарбекова — халық ауыз әдебиеті үлгілерінен хабардар, көзі ашық, халыққа танымал ерекше адам болған. Әкеміздің көркем әдебиетке құштар болып өсуіне анасының ықпалы болса керек.
Әкеміз 1961 жылы Жүзағаш орта мектебінің 1-сыныбына қабылданып, 1971 жылы білім мекемесін алтын медальға бітіреді. Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1976 жылы осы оқу орнын тәмәмдаған.
1989 жылы Мәскеудегі Максим Горький атындағы әдебиет институтының курсын бітіреді. Жалпы еңбек жолын 1976 жылы «Жалын» баспасында редактор, 1987 жылға дейін Қазақ КСР баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде, Қазақ теледидарында жауапты қызметтер атқарған. 1989 жылы Алматы қалалық кеңесіне депутат болып сайланды. 1990-1992 жж. Қазақстан Жазушылар Одағына, Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамында, Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-ның «Қазақ әдебиеті тарихы» кафедрасының ғылыми тобында жұмыс істейді. 1990-1995 жылдары «Қазақ жастары мен бизнес» бейресми орталығында Бас үйлестіруші болып қоғамдық қызмет атқарады. 1996-2001 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының орынбасары болды.
Шығармалары орыс, поляк, монғол, шешен, украин, беларус тілдерінде жарық көрді. Республикалық «Жалын» баспасы ұйымдастырған жабық бәйгенің екі дүркін жүлдегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды.
Айтып келмейтін сұм ажал 2006 жылдың 23-тамызында ортамыздан алып кетті.
Асқар тауым өмірінің соңғы жылдарында өзінің туған жері Шолпан ауылының мәдени, қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. 2002 жылы Мешіт салғызды. Тұрғындардың мұң-мұқтажын көтеріп жүріп халық қалаулысы болды.
Ұзақ жылдар бойы төскейіне төрт түліктің тұяғы тимей ешкімге қажетсіз болып қалған «Шыңырау» елді мекенінде шаруашылық ашып жан бітірді. Бүгінде осы жерде өз шаруашылықтарын салып, ағалары салған сара жолмен бірнеше ауыл азаматтары еңбек етеді. Ауылдастарымыздың игілігі жолында көптеген ізгі амалдар жасап, атымтай жомарттық танытқанын да ел ауызынан тастамай айтып жүреді.
Асқар тауымыздың асқақ арманы зор еді. Туған ауылы Шолпан, өскен өңірі Аягөз ауданының игілі жолында ойға алған жоспарларын орындай алмай кетті. Ұзақ жылдар Ресейдің Санк Петербург, Мәскеу тағы да басқа қалаларын аралап жүріп көз майын таусып архив ақтарып қазақ тарихы, Алаш ақтаңдақтары, Аягөз жерінің өткен кеткені туралы мол мағлұматтар жинады. Халық игілігі, қоғамдық жұмыстар, Жазушылар Одағының қам-қарекеті, туған ауылын өркендету, жұмыс орынын ашу мақсатында шаруашылық ашу сынды жұмыстармен жүріп аяқталмай қалған көп шығармалары мен еңбектері де жеткілікті.
Асқар тауымыздан қалған істі аяқтап, игі бастамаларды ұрпағы ретінде жалғастырсақ деген мақсатта ардақты анамыздың ақылымен отбасымыз болып жыл сайын Шолпан ауылында дәстүрлі түрде спорттық шаралар өткізудеміз. Жақында Жүзағаш орта мектебінде Ғабиден оқулары, шығармашылық байқау, ғылымға ұмтылған жасөспірімдер арасында байқау өтті. Аягөз, Үржар аудандарының жастары арасында волейбол турнирі де өте тартысты болды.
Өткен 2020 жылы әкеміздің шығармаларын жинастырып қос томдығын шығардық.
- Жоғарыда әкеңіздің жүрек талмасынан тым ерте жарық дүниемен қоштасуы, өміріңізге үлкен із салып кеткен сынды ғой. Сіздің әр сөзіңізден әкенің шығармашылығына деген құрмет, бастаған ісін жалғасам деген зор құлшыныс сезіледі. Асқар тауыңыздың дос-жарандарымен ара қатынасыңыз қаншалықты? Хабарласып тұрасыздар ма? Қаламгердің шығармашылығын насихатау мақсатында біраз жобаларыңыз бар секілді.
— Дәл айттыңыз. Сенесіз бе күн өтіп, жыл-жылжыған сайын әкеме деген сағаныштың алапат сезім салмағы артып, өмірдің қилы кезеңдерінде мынадай шақта әкеміз қандай шешім қабылдаушы еді деген ой құшағына бөленемін. Әулетіміздің алтын қазығы, ақылшымыз ардақты анамызға Алла ұзақ ғұмыр берсін. Бірге апай, қарындас, ағаларымның отбасы аман болсын. Әулетіміздің дәулеті арта берсін.
Бала кезімнен құлағыма құйып, жігіттік шағымда өмірлік ұстанымыма айналған әкем айтқан ақыл пайымдардың мағынасын осы күндері терең сезініп жүргендеймін бе деп ойлаймын кейде.
Әкем біздердің білімнің қадірін көп айтатын. Өзен қайтсе үлкейеді? Өзіне келіп құйған бұлақтардың бәрін қабылдай берсе. Білімділік те солай, құр оқып қана қоймай, бойыңа сіңіре білсең ғана білімдар боласың.
VII-ғасырда өмір сүрген, мұсылмандардың алғашқы төрт халифасының бірі ілімнің қақпасы атанып кеткен Әзірет Әліні сынау мақсатында жерлестері оған он адамды кезекпен жібермекші болған, олардың бәрі Әзірет Әліге «Білім артық па, байлық артық па?», — деген жалғыз сұрақты қоюға уағдаласады. Егер осы сұраққа он түрлі жауап берсе ғана халифаны мойындамақ болыпты. Сонда Әзірет Әлі сұрақтарға былай деп жауап берген екен.
- Білім артық, өйткені ол пайғамбарлардан қалған мирас, байлық бақылдардан қалған мұра.
- Білім сені бағады, байлықты сен бағасың, сондықтан да білім артық.
- Білім артық, ол досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды көбейтеді.
- Білім іздей берсең көбейеді, оны жұмсағанмен азаймайды, байлық жұмсасаң азаяды, білім артық болатыны осыдан.
- Білім артық, оны ұрыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді ұрылардан күнде қорғау керек.
- Білімің көп болса сені құрметтейді, байлығың көп болса қызғанады, білімнің артық болатыны сол.
- Білім артық, білімің көп болғанмен есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп тұруың керек.
- Білім қанша көп болса да іріп-шіріп бүлінбейді, дүние-мал бүлінеді, сондықтан да білім артық.
- Білім артық, ол жаныңды байытады, байлық жан-дүниеңді шектейді, өзіңді тура жолдан тайдыруы мүмкін.
- Білімді адам орнымен сөйлейді, мәдениеті артады, байлығы мол адам оған мастанып мақтанады, астамшылық көрсетеді, сондықтан білім артық,-деген екен.
Білімнің артықшылығын бұдан артық дәлелдеуге болмас. Сонымен қатар Конфуцийдің «Білген адам –өкінбейді, мейірбан адам-мазасызданбайды, батыр адам-қорықпайды», — деген ғақылын да ең алғаш асқар тауымның аузынан естідім.
Ұзақ жолға көлікпен шыққанда жанынан отырғызып алып қазақтың көне тарихы мен Аягөз өңірініңң рухани мұралары туралы баланың ойына сіңімді сөздермен жатық тілмен әңгіме бастағанде жетер жерімізге жеткенше кино көрген әсердегідей баратынмын.
Әкем: «Жалқаулық ең бірінші жауың. Осы бір жаман қасиеттен бойыңды аулақ ұста, үнемі онымен күрес дейтін. Сонымен қатар сөзі арасында ойшылдардың пікірін жиі қосатын осы бағытта Л.Толстойдың «Енжарлық жан дүниенің сұмпайылығы», — деген сөзі ойымда қалыпты.
Вовенаргтің «Адамгершілігің пәс болса әділетті бола алмайсың» -деген сөзін айта келіп «Адамның ішінде дұрыс істемегенде, қате сөйлегенде, бұрыс ойлағанда соғылатын қоңырауы болады. Бірақ көп адам сол қоңырауды тоғышарлықпен, менмендікпен тұншықтырып тастап отырады» дейтін.
Қазірде менің бизнесте табысты болуым, ағамыздың жоғары мемлекеттік қызметте жүруі, апай, қарындасымның өз жолдарындағы жетістіктерінің бастауында ата-анамыздың тура жолға бағаттап берген ақылдары тұр.
Әке-шешесінің ізгі ақылын бойына жиып өскен бала табысты, бақытты болады. Өз кезегімде ата-ананы сыйлау, оларды өмірдің әр сәтінде қуантуға тырысу әр баланың парызы екенін де оқырмандарға айтып өтсем деймін.
2020 жылы және биыл 2022 жылы біздің ата мекеніміз Аягөздің бас басылымы саналатын «Аягөз жаңалықтары» газетіне әкеміз туралы көптеген ойлы естеліктер шықты. Алматыда жатып оқып разы болдық. Әкемізбен қанаттасып өмір сүрген қаламгерлер, аға-бауыр, дос жаран болып сыйласқан ағаларымыздың керемет естеліктері бізге үлкен әсер сыйлады. Осы бір ізгі бастаманы қолға алып ұйымдастырушы ретінде Ермек Тұрсынұлы өзіңізге және газет редакциясына отбасымның атынан алғысымды жеткізгім келеді. Сонымен қатар әрбір естелік жазушы ағаларымызға үлкен алғыс.
Аягөз біздің ата мекеніміз, алдағы уақытта осы өңірде бірқатар іс-шаралар өткізсек деген жоспарымыз да бар. Оның барлығын қазір ақтарып айтпай-ақ қояйын. Уақыты келгенде өздеріңіз ортасында боласыздар.
Жақында Шолпан ауылында өткен іс-шараға да аудан әкімі арнайы делегат жіберіп құрмет көрсеткеніне де разы болдық.
Әкемізбен сыйласқан достары мен сыныптастары, ағалары, қаламгер бауырлары, ақын жазушылармен де байланысымыз түзу. Мүмкіндігінше сыйласып, қолымыздан келгенше қолдау жасап тұрамыз.
Арнайы сұхбатқа шақырып ой бөліскендеріңіз үшін рахмет. Аягөз ауданының тұрғындарына, газет оқырмандарына барлық игіліктерді тілеймін.
Өңір өркендеп, гүлдене берсін.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Ермек Тұрсынұлы