ШҚО-да тұрғындарды тонаған қаскөй ұсталды
Глубокое ауданының тұрғыны бір түнде бірнеше үйдің есігін бұзып кіріп, ауыл тұрғындарын тонаған, деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.
ШҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың 9 мамырында Глубокое ауданы ПБ-ның кезекші бөліміне ауданның 53 жастағы тұрғыны жүгініп, түнгі сағат 02 шамасында белгісіз ер адам үйдің кіреберісінің терезесін сындырып, оның 86 жастағы анасының үйіне кіріп, қарт ананы ұрып-соғып, үйінен 10 800 теңге тартып әкеткенін хабарлаған.
Сонымен қатар, сол күні тағы 3 жергілікті тұрғын осындай өтінішпен полиция бөліміне жүгінген.
Жәбірленушілердің бірінің айтуынша, бейтаныс жігіт Береговая көшесінде орналасқан үйесігінің ашық тұрғанын пайдаланып, онда кіріп, күш көрсету қаупін төндіре тұра 4 000 теңге ақша, «LENOVO» ноутбугін және 2 қорап темекі ұрлап кеткен. Жәбірленушіге шамамен 100 000 теңге шығын келтірілген.
Полицейлер дереу қылмысты ашуға кіріскен, осылайша жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде «ізін суытпай» күдіктінің жеке басын анықтап, қаскөйді қолға түсірді.
«Аталған қылмыстарға барған Глубокое ауданының 22 жастағы тұрғыны болып шықты. Тергеу амалдары барысында ол кінәсін мойындады.
Сол түні ұсталған азамат кенттің тағы екі тұрғынының үйіне заңсыз баса-көктеп кіріп, үйлердің бірінің тас-талқанын шығарып 290 000 теңгеден астам шығын келтіргені анықталды.
Күдіктіге қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы таңдалды.
Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 191-бабы 3-бөлігі, 149-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», — делінген ведомство хабарламасында.
Abai Aqparat.kz