АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН ЕЛІМАЙ ФУТБОЛ КЛУБЫ ҚАЙТА ҚҰРЫЛДЫ

Семей қаласында футбол фестивалі аясында Андрей Карпович, Евгений Ловчев, Асқар Ұранхаев баспасөз конференциясын өткізді.

«Бүгін тарихи күн. Себебі тарихта ізі қалған «Ярыш» футбол командасынан бастау алған «Елімай» футбол клубы қайта құрылды. Өздеріңіз білетіндей заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Ярыш» құрамасының сапында орталық жартылай қорғаушысы болып ойнаған. Сондықтан бүгінгі шараның маңызы өте жоғары. «Елімай» футбол клубының қайта құрылуы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Тарихы тереңде жатқан футбол құрамасының жұлдызы жарқырайды деген сенімдемін», — дейді Асқар Ұранхаев

Суретте: үшінші қатарда оң жақтан екінші тұрған бала Мұхтар Әуезов. Ол кезде «Ярыш» футбол командасының орталық жартылай қорғаушысы болған.
Шараны ұйымдастырушы Асқар Ұранхаев бүгінгі ойында бірқатар танымал аяқ доп шеберлері өнер көрсететін атап өтті:
— Бүгін «Андрей Карповичтің достары» командасында Давид Лория, Самат Смақов, Евгений Ловчев және тағы басқа танымал футболистер өнер көрсетеді. Сонымен қатар жаттықтырушылары — Дмитрий Кириченко мен Курбан Бердиевте бүгінгі ауқымды шараға қатысады. Көрермендер тартысты кездесуді тамашалайтын болады.
Жолдастық кездесудің басты ойыншысының айтуынша қазақ футболының тарихы Семейден бастау алған.
«Семей қазақ футболының отаны екеніне ешкім дау келтірмейді. Біз жаңа кезеңге қадам бастық. Елімай клубы жасай берсін!», — дейді Андрей Карпович.
Естеріңізге салайық, Андрей Карпович — 1998 / 2004 жылдардағы Қазақстан чемпионы, 2009 / 2010 жылдардағы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, 2011 / 2012 жылдардағы Қазақстан суперкубогінің иегері атанған.
АБАЙ АҚПАРАТ

Related Articles