Семейде жалпыреспубликалық референдум жалғасуда
Ата-Заңға енгізілетін толықтырулар мен өзгерістер бүгін яғни 5 — маусым күні бүкілхалықтық дауыс беру арқылы шешілмек, деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.
Саяси науқан Семейдің № 176 учаскесінде 07:00-ден 20:00-ге дейін өткізіледі. Учаскедегі дауыс беруге қатысатындар саны — 1955 адам және үйде орналастырылған адамдар саны -35 құрайды. Қазіргі таңда 475 адам келіп, дауыс берген. Сайлау ережесіне сай, дауыс беруші жеке куәлікпен тіркелген мекенжай бойынша тиісті учаскеге келіп, референдум комиссиясының мүшелерінен бюллетеньді алады. Дауыс беру кабинасына өтіп, «Иә, қабылдаймын» немесе «Жоқ, қабылдамаймын» жауаптарының бірін белгілейді. Бюллетеньді дауыс беру жәшігіне салады.
Сайлау учаскесінің комиссия төрағасының айтуынша, бюллетеньдер жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырылуы тиіс. Әркім оны өзі жеке толтырады. Толтыру кезінде дауыс берушіден басқа біреудің болуына қатаң тыйым салынады.
- Ауа-райы қолайсыздығына қармастан, адамдар белсенді түрде келіп, өз дауыстарын беріп жатыр. Барлығы қатаң ережеге, тәртіпке сай өтуде. Ерекшелігі сол, 18 жасқа толған 3 азамат алғаш рет дауыстарын берді. Оларға және ең бірінші болып келген сайлаушыға арнайы сыйлығымызды табыстадық. Енді ережеге келер болсақ, егер белгілі бір азаматтар денсаулығына байланысты немесе басқа себептермен өз бетінше толтыра алмаса, (бірақ референдумды ұйымдастырушылар мен бақылаушылардан көмек сұрауға болмайды) басқа азаматтың қызметін пайдалануға құқылы. Сонымен қатар, сайлау комиссиясының өкілі дауыс беруші азамат жауап беру нұсқасының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгіні қоя алады,- деді 176 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Қайырбек Әнуарбекұлы.
Ережеге сәйкес, белгі қарындашпен қойылған, тазарту іздері немесе қолдан жасаудың өзге де тәсілдері бар бюллетеньдер де жарамсыз деп танылады.
Қала бойынша барлығы 149 учаске жұмыс істеуде. Қала бойынша дауыс берушілердің жалпы саны 228 372 адамды құрайды.
Айта кетейік, референдумға қатысқандардың 50 пайыздан астамы оған нақты дауыс берсе ғана, түзету қабылданады.
Abai Aqparat.kz