Семейде 15 жасар жасөспірім Ертіс өзеніне батып кетті
Шығыс Қазақстан облысында шомылу маусымы басталғаннан бастап үш адам суға батып кетті, деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта бір жасөспірімнің денесі әлі күнге дейін іздестірілуде. Қайғылы оқиға ағымдағы жылдың 11 маусымында Семейде орын алды. Құтқарушыларға Шығыс кенті 2-саяжай аумағында Ертіс өзеніне 15 жасар жасөспірімнің батып кеткені туралы хабар келіп жетті. Анықталғандай, ол достарымен бірге рұқсат етілмеген су айдынында шомылған. Ол ағысы қатты жерге суға секірген, сол беті шықпаған. Жолдастары көмекке келмек болды, алайда судың қатты ағыны ондай мүмкіндік бермеді.
«Оқиға орнына келген 7-ӨСБ жедел құтқару жасағының сүңгуірлері келіп жетіп іздеу жұмыстарын жүргізді. Қайықты және сүңгуір жабдықтарын пайдалана отырып жүргізілген бірнеше сағаттық іздестіру жұмыстары еш нәтиже бермеді, іздеу жұмыстары жалғасуда. Су түбінің лайлы болуы, өзен ағысының қатты болуы сүңгуірлердің іздеу жұмыстарын қиындатуда», — делінген ведомство хабарламасында.
Abai Aqparat.kz