Семейдегі зооветеринарлық институты ғимаратының тағдыры қалай шешіледі
Осыдан 37 жыл бұрын өртеніп кеткен Семейдегі мал-дәрігерлік институты ғимаратының тағдыры әлі күнге дейін семейліктерді толғандыруда.
Қаланың дәл ортасында орналасқан тарих және мәдениет ескерткіші қалпына келтіру мен күтімді қажет етеді. Қала тұрғындарының жинаған қайырымдылық қаражатына салынған, ғылым мен білімнің ғибадатханасына айналуы тиіс болған, мал-дәрігерлік институты ғимаратының тарихына нүкте қойған өрт қалай болды? «Прииртышье» өлкетанушылары өздерінің кезекті жиынында қала тарихындағы, ұзақ жылдар бойы азап шеккен зооветеринарлық институты ғимараты аман қалған ең үлкен екі ірі өртті еске алды.
БҮКІЛ ӘЛЕММЕН БІРГЕ
ХХ ғасырдың басында Семейде бірнеше жыл өткізіліп келген қайырымдылық шарасын осылай атап өтуге болады. Сол уақытта, 50 мыңға жуық тұрғыны бар қалада, түрлі таптағы қыздар орта білім алатын мектеп болмады. Сондықтан 1905 жылы қажетті қаражат жинап Семейде қыздар гимназиясын салу туралы шешім қабылданды.
- Өлкетанушы Виктор Кашляк жазып өткендей, болашақ гимназия жобасының эскизін семейлік инженер Зуев әзірлеген. Оның есептеуі бойынша, екі қабатты гимназияның құрылысына 137,5 мың рубль қажет болды. Аталған сомма сол уақытта қомақты қаражат болды. Құрылысты бақылауға 14 қала тұрғынынан және бір әкімгерден тұратын топ жиналғандықтан, үнемдеуге мүмкіндік туды. Қаражат тек қала қазынасынан ғана емес, семейліктердің де қайырымдылықтары болды. Бұл үшін қайырымдылық концерттері мен қойылымдар қойылды, ал түскен қаражат гимназияның құрылысы қорына салынды, — деді «Прииртышье» өлкетанушылар қоғамының мүшесі Александр Зязин.
ХХ ғасырдың басында Семейде көптеген құрылыс материалдарын шығару өндірісі, құрылысқа қажеттінің барлығы дерлік жақсы дамуына байланысты материалдар қалада жасалды. Александр Зязин қыздар гимназиясы салынған кірпіштерді зерттеумен арнайы айналысты. Мәселе мынада, сол уақыттағы ережеге сәйкес, екі қабатты және одан да көп қабатта салынатын үйлер міндетті түрде шығарушының таңбасы белгіленген кірпіштерден салынуы тиіс болды. Бұл таңбалар өлкетанушылар үшін құрылысқа өз өнімдерін жеткізетін зауытты белгілеуде өте тамаша мүмкіндік. Өткен ғасырдың басында Семейде 10-ға жуық кірпіш зауыты жұмыс істеді, ал кірпіштегі таңба өндірушіні нақтылы белгіледі.
Еске салайық, кірпіштегі таңба басында жай ғана ағашпен жасалды. Ал өнімділіктері артуына байланысты тақтайшалардан таңба жасалды. Ағаш таңбаны жұмысшылар қолдарына киіп, әр кірпішке дымқыл кезінде қатты батырып салып шықты. Кірпіштердің кейбірінде әлі күнге дейін, күйдіру алдында кептіру кезінде таңба басқан жұмысшылардың саусақтарының немесе алақанының, тақтайшаның іздерін байқауға болады.
Сонымен, кірпіштерді мұқият тексеру, ғимараттың жертөлесі мен ғимараты негізінен ағайынды Шайфировтар зауыты өндірген кірпіштерден салынғанын көрсетті.
- Өлкетанушылар 1900 жылы жарық көрген жергілікті газеттердің бірінен, ағайынды Шайфировтардың кірпіш зауыты жылына 1 миллионнан астам кірпішті қол әдісімен өндіргені жарияланған хабарландыруды тапты. Ал бұл өнімнің сапасы, өздеріңіз қазір көріп отырғандай, әлі де өте тамаша күйде, -деп атап өтті Александр Зязин.
Ал сәулеттік қаптау жұмыстары – колонналары мен беткейлері және басқа да әшекейлері «К», «Г» және «НТК» литерлік таңбалары белгіленген қызыл кірпіштен салынған. Өкінішке орай, әзірше осы кірпіш зауыттары иелерінің тегі мен аты-жөндері белгісіз.
Айтып өту керек, қыздар гимназиясының ғимараты, ерекше сәулеттік келбетіне байланысты сол заманда Семейдің көрікті орындарының бірі болды.
Алайда, ғимарат өртке қарсы қызметтің ұсынысынсыз салынған. Александр Зязиннің айтуынша, мектепті жылыту үшін 78 пеш салынған, олардың басым бөлігі ғимараттың жертөлесінде орналастырылды, ал жылу қабырғаға салынған көптеген түтіндіктермен тарады. Жаз уақытында аталған түтіндіктер желдету жүйесі ретінде пайдаланылды. Екі қабатты еден, барлық төбелер мен шатырлар балқарағайдан жасалды, ал ғимараттың төбесі металлмен жабылды. Осының бәрі өрт кезінде түтіндіктер арқылы ауаның тамаша тартылуына себеп болды және өртенген баспалдақты өшіру мүмкін болмады. Бұл туралы сәл кешірек қайта ораламыз.
БОЛМАЙ ҚАЛҒАН РОЖДЕСТВОЛЫҚ КОНЦЕРТ
- Оқиға кешкі уақытта болды. 1917 жылдың 10 желтоқсаны, Семей тұрғындары өрт сөндіру мұнарасындағы қоңырау дауысын естіді. Мұнараның үстінде қаланың орталық бөлігінде өрт шыққанын хабарлайтын шарлар көтерілді. Өрт сөндіру бөлімі дабылмен көтерілді және бірнеше минуттан кейін оқиға орнына бар жылдамдықпен ат жегілген цистерналар ағылды. Екі қабатты қыздар гимназиясы жанып жатты, — деп қыздар гимназиясындағы бірінші өрт туралы өз әңгімесін бастады Наталья Рыкова.
Осы оқиғаның толықтай мән-жайын Наталья Рыкова «Свободная речь» газетінен тапты: «…әйелдер гимназиясы ғимаратында дәстүрлі қайырымдылық кеші басталар алдында өрт болды. Ол үлкен концерт залында керосин шамының құлауынан туындады, ол жерге көрермендер жиналып үлгерген. Шырша гирляндалары, безендірулер, кілемдер өртенді…»
Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер шағын өртті сөндірді, оқиға орны қалпына келтірілгеннен кейін кешке қарай барлығы тарқады.
- Өкінішке орай, сол уақытта өрт сөндіру есептерінде кәсіби өрт сөндірушілер қызмет етпеді. Өрт шыққан жерді күзетіп, тұтанудың қайта басталу мүмкіндігін бақылағанның орнына, олардың барлығы қалай болды, солай қалдырып қайтып кетті, — деп атап өтті өлкетанушы.
11 желтоқсан, таңғы сағат 5, қарауыл мұнарасында тағы да дабыл қағылды. Дәл осы «Свободная речь» газеті келесі санында осы сұмдық оқиғаның жай-жапсарын жариялады: «… күндізгі сағат 2-де өрт өзінің жойқын әрекетін жалғастырды. Өрт ғимараттың екінші қабатында шоғырланды, акт залының төбесі және шатыры өртке оранды. Жалпы, ғимараттың ортаңғы бөлігінің іші толықтай қираған: төбесінің кей жерлері опырылған, шатыры түгелдей жұлынған. Өртті сөндіру, адам санының аз болуына байланысты сәтті жүрмеді. Гимназияның жоғарғы сынып оқушылары жоғарғы белсенділік танытты: өкінбеске болмайды, осындай ауыр жұмысқа жасөспірім-гимназияшылар тартылды. Аяз және су қондырғыларындағы қысымның болмауына байланысты туындаған су тапшылығы өртті сөндіруді баяулатты.
Ғимараттың жарты бөлігі, Мещанский (Урицкий көшесі, қазіргі Ұранхаев) және Өскемен бұрышы (Киров көшесі, қазіргі Шәйжүнісов) толықтай сумен бүлінген. Өскемен және Новосельский (Комсомол даңғылы, қазіргі Шәкәрім) көшелеріне шығатын бұрышы да судан қатты зақымданған: дәліз бойына су сіңіп қалған; кейбір сыныптардың төбелері опырылған. Ғимараттың тек төменгі қабаты қалған қабаттармен салыстырғанда жақсы сақталған.
Жалпы, ғимарат жартылай жарамсыз деп айтуға болады; күрделі жөндеу қажет, оны көктемде ғана бастауға болады.
Оқу мүлкіне дерлік зақым келген жоқ; мүлік ерлер гимназиясына көшіріліп үлгерді».
Жойқын шығын әкелген қызыл жалын үш күн бойы лаулап жанып тұрды. Келтірілген шығын 35 мың рубльді құрады. Оның 12 мың рубльін ғана сақтандыру компаниясы өтеп үлгерді. Қалған сомманы қала тұрғындарынан қайырымдылық түрінде жинау туралы шешім қабылданды. Қала тұрғындары үндеуге құлақ асты. Өйткені, оқу жылының ортасында 600-ге жуық оқушы білімсіз қалды. Рождество мерекесіне дейін, 25 желтоқсанға дейін қажетті сомма жиналды және құрылыс материалдары сатып алынды. 1918 жылдың 20 қаңтарында гимназияда сабақ қайта басталды.
69 ЖЫЛ ӨТКЕН СОҢ…
Дәл сол жерде, ұқсас жағдайда және тіпті бірдей ауа райы жағдайында, енді мал-дәрігерлік институты ғимаратында өрт шықты.
Далада 69 жыл бұрынғыдай ұзаққа созылған минус 40°С градустық аяз, қатты жел болды. Дәл осы уақытта жоғарғы оқу орнының акт залындағы жылу жүйесіне «түзетулер» енгізу қажет болды. Оны кеше ғана училищені тәмамдаған жас дәнекершіге сеніп тапсырды. Бұл неге әкелгенін, қазір бәріміз көріп отырмыз…
- 1986 жылғы 9 желтоқсанда институтта жылыту жүйесіне жөндеу басталды. Барлық нұсқаулықтар мен ережелерге қайшы, электр дәнекерлеу жұмыстары өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамай жүргізіліп басталды. Дәнекерші күндізгі сағат 4 шамасында лекция залындағы сахнада, жан-жағына дымқыл шүберек төсеп, дәнекерлеу жұмысын бастады. Бірнеше сағаттан кейін ол күйіктің иісін сезді. Жылдар бойы сахна еденінің астында жиналған қоқыс жана бастады. Ол еденге су төкті, алайда түтін тоқтамады. Қолында өрт сөндіру құралы болмады (өрт шығады деп ойламады және дайындамады). Ғимараттың екінші қабатынан далаға жүгіріп шығып сүймен іздеп тауып, еден жабындысын ашып, не жанып жатқанын көргісі келді.
Тақтайдан жасалған еден бой бермеді. Дәнекерші көрші бөлмеге жүгірді, есікті ашқаны сол – қою қара түтін лап берді… Түтінге жүгірген студенттер өз күштерімен өртті сөндіруге тырысты, біраз уақыт өткеннен кейін өрт сөндіру краны бар екені естеріне түсті, алайда кран ақаулы болды. Кейін белгілі болғандай, қолданыстағы алты өрт сөндіру кранының тек біреуі ғана жұмыс істеп тұрған, — деп сол күнгі оқиғаны сипаттап өтті Наталья Рыкова.
Өрт сөндірушілерге зооветинституттағы өрт туралы хабар, өрт басталғаннан 38 минут өткен соң ғана келіп түскен.
Хабар түске саласымен бес минут ішінде институт ғимаратына 2100 литрлік екі автоцистерна, баспалдақпен жабдықталған екі бөлімшесі бар өрт сөндіру есебі келіп жетті (бақытқа орай, институт өрт сөндіру мұнарасының жанында орналасқан).
Өртті сөндіру жетекшісі — № 78-ӨСБ бастығы В.В.Здисенко – өртке жоғары баға беріп, рация арқылы қосымша күш шақырды. Қаладағы су гидранттарындағы қысымды жоғарлатты. Жер асты су құбырларының коммуникациясы жоғары жүктемені көтере алмады. Өрт сөндірушілерге жақын маңда істеп тұрған гидранттардан түтікпен су тартуларына тура келді, бұл артық 500 метр. Аяз қатты болғандықтан, әр 30 минут сайын түтіктер қатып, жарамсыз болып істен шығып жатты. Түтіктер магистралі өрт кезінде бірнеше ондаған рет ауыстырылды.
Ғимарат ішінде жетпіске жуық адам болды. Өрт сөндірушілер оқиға орнына келіп жеткенде, ғимарат ішіндегі адамдардың көпшілігі көмек сұрап, ашық терезе алдында тұрды. Жалын тек екі бөлмеде ғана күшейгенімен, дәліздер мен баспалдақ алаңдары қалың түтінге оранды.
- Көбінде адамдар өрт кезінде оттан емес, түтінге тұншығып өледі. Бұл жағдайда өрт сөндіру бөлімшелерінің жұмысындағы негізгі шешуші бағыт, Жауынгерлік жарлыққа сәйкес, адамдарды эвакуациялау болды. 20 минут ішінде ғимараттағы оқытушылар мен студенттер эвакуацияланды. Құтқару жұмыстарымен қатар барлау жұмыстары бірге жүргізілді. Қалың түтінденген аймаққа Н.В.Шиляев және А.В.Зоркольцев басшылық жасаған газ-түтінінен қорғау қызметінің екі буыны шықты, олар — аға инспекторлар Қ.Қияқбаев, О.Г.Тоганашев, өрт сөндірушілер Н.Русанов, Н.С.Сарбаев, С.Н.Захаров, А.Е.Еранов, П.И.Овсянник және басқалары. Тілсіз жаумен 50-ден астам адам күресті, — деп жалғастырды Наталья Владимировна.
Ал қызыл жалын күшейе түсті, 50 минут ішінде 1000 шаршы метр алаңға тарады және әр 5-10 минут ішінде от 500-1000 шаршы метр алаңға ұлғайып отырды. Суық желмен желдетілу оттың шарпуын жылдамдатты.
Осы өртті сөндіруге сол уақытта өрт сөндіру қызметінде болған күштердің барлығы жұмылдырылды: 22 бірліктегі өрт сөндіру техникасы, соның ішінде 17 бірліктегі автоцистерна, екі автобаспалдақ, түтікті автомобильдер, байланыс, техникалық қызметтің автокөліктері, 10 бірліктегі су тасымалдайтын техника. Облыстық өрт сөндіру жоспарына сәйкес, қалалық коммуналдық шаруашылық суымен бірге өз көліктерін жіберді; милиция, халықтық дружина, жергілікті гарнизонның бөлімшелері – барлық күштерін институт ғимаратын, құжаттарды, мұрағатты, құндылықтарын аман алып қалуға жұмсады. Алайда күштер тең болмады.
- Өрт үш күн сөндірілді, содан кейін бір апта кезекшілік атқарылды, жекелей ошақтарына су құйылды. Ауысымдар бірінен кейін бірі ауысты. Адамдар бірнеше күн бойы ұйықтамады. Жұмыс киімдер қатты суланып, аязда қатып қалды. Киімдерін ауыстыру үшін құтқарушылар бір-бірінің үстіндеге ағаштай қатып қалған мұздарды тазалады, тек содан кейін ғана киімдерін шешті. Құтқарушылар жылдам тамақтанып, сәл жылынып, қайтадан қызыл жалынмен күресуге аттанып тұрды. Өртті сөндіруге қатысушылардың естерінде сүйектен өтетін аяз, қиын психологиялық жағдай сақталып қалды, — деп тоқталды Наталья Рыкова.
Келтірілген шығын миллион рубльден асып түсті. Мұрағатты, ғылыми және оқу әдебиеттерін, құжаттарды, кассаны, жертөледе және бірінші қабатта орналасқан бірнеше кафедраның мүліктерін, асхана жабдықтарын аман алып қалды. Ең бастысы, адам шығыны болған жоқ.
Оқиғадан кейін болған сотта, КСРО өрт сөндіру басқармасы өкілдерімен Семей өрт сөндіру қызметіндегі күштермен және жабдықтармен аталған өртті сөндіру мүмкін болмады деген қорытынды берілді.
- Осы өрттен кейін бірнеше жыл өтті. Ғимараттың жаңа иесі пайда болды. Мүмкін, біздің қаламыздың тарихына және біздің жүрегімізге қымбат сәулет ескерткішін қалпына келтіру соның қолынан келеді, — деп өз үмітімен бөлісті Наталья Владимировна.
«Прииртышье» өлкетанушылар қоғамының төрағасы Марат Сасановтың айтуынша, мемлекет қорғауындағы ескерткішті қайта қалпына келтіру мәселесі Семей жұртшылығын қатты толғандырады, және өлкетанушылар осы мәселені бірнеше рет түрлі деңгейлерде көтерген. 2021 жылдың күзінде онлайн режімінде облыс пен қаланың мүдделі құрылымдарымен кездесу өтті. Осы кездесуге ғимарат иесі және Семей өлкетанушылары да қатысты.
Оның айтуынша, соңғы екі жылда ғимаратқа бірнеше сараптама жасалған, олардың әрқайсысы ескерткішке әртүрлі баға берді. Олардың бірі, ғимаратты қайта қалпына келтіру мүмкін емес деген қорытынды шығарса, екіншісі қайта қалпына келтіруге болады, тек ғимараттың жарты бөлігін деген қорытынды берді.
Қазір ғимараттың тағдырына байланысты үш нұсқа бар. Біріншісі – ғимаратты бұзып, оның орнына жаңа ғимарат салу. Екіншісі – оны бастапқы қалпына келтіру – яғни, үшінші қабатын бұзып, оны бұрынғы келбетте қайта қалпына келтіру. Үшінші нұсқаны ғимарат иесінің өзі ұсынды: авариялық жағдайдағы ғимаратты бұзып, оның орнына заманауи құрылыс материалдарынан, барлық өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтай отырып дәл осындай ғимарат салу. Осы нұсқалардың қайсы қабылданатынын уақыт көрсетер.
Abai Aqparat.kz