Семейге ҚР Парламентінің депутаттары жұмыс сапарымен келді

Семей қаласына үш мәжілісмен келіп, қаладағы өзекті мәселелермен танысты, — деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.

Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың шақыруы бойынша Семейге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің үш комитетінің, атап айтар болсақ: экология мәселелері мен табиғатты пайдалану, экономикалық реформа мен өңірлік даму және аграрлық мәселелер бойынша өкілдері, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы, Энергетика, Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Экология, геология және табиғи ресурстар сынды министрліктердің сарапшылары жұмыс сапарымен келді.

Олардың барлығы өңірдің өзекті мәселелерін егжей-тегжейлі зерделейді.

Бүгін вице-министрлер Семейдегі қазандықтарды тексерді. Қала әкімі Бақытжан Байахметов қалалық жылумен қамту жағдайы туралы баяндады.

«Қала бойынша жылу желілерінің тозуы 60% құрайды. Болашақта екі құбырлы 188 шақырымды құрайтын жылу желілері қайта жаңартылуды қажет етеді. Семейде «Теплокоммунэнерго» мекемесінің белгіленген қуаты 1042,9 Гкал/сағ құрайды. Биылғы жылы Степной кентіне құны 565,2 млн теңгенің жылу желісін салу жоспарланған. Сондай-ақ, құны 721,7 млн теңге болатын ЦТП-518 қазандығын, 539,3 млн теңгеге жылу желісін қайта жаңартуға оң сараптама қорытындылары алынды. «Ғаббасов», «Орталық» қазандықтарын қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді. 5 қазандықты қайта құру кезінде 10,3 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу қажет», – деді Семей қаласының әкімі.

Сонымен қатар, вице-министрлерге Семейдегі 3-ЖЭО құрылысының қажеттілігі туралы айтылды. Бұл жобаны іске асыру үшін инвестиция сомасы 447,5 млрд теңгені құрайды. Өз кезегінде министрліктердің өкілдері жылумен қамту проблемаларын шешуде қолдан келгенше көмек көрсететіндерін мәлімдеді.

«Бүгін біз Семей қаласын жылумен қамту схемасын зерттедік, тұрғындар шағымданатын мәселелермен таныстық. Бұл жүйелік сұрақтар. Осыған байланысты жұмыс тобын құрып, ақпарат жинау және барлық ұсыныстарды қарастыру ұсынылады. Әрине, қалаға жылумен жабдықтаудың перспективалық схемасы қажет, оңтайлы шешімдерді анықтау қажет. Бұл жұмысқа біз Энергетика министрлігі ретінде қосылуға дайынбыз. Жылумен жабдықтау, қазандықтардың жұмысы және оларды қаржыландыру мәселелері индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құзыретіне жататынына қарамастан, біз министрлік желісі бойынша да қатысып, ұсыныстарды қарайтын боламыз», – деп атап өтті Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетов.

Abai Aqparat.kz

Related Articles