АҚ ЖОЛ, ЖАС ТҮЛЕК!

Оқуға түсіп, қолдарына диплом алу — әрбір жастың алаулаған арманы, үкілеген үміті. Қазіргі таңда Шәкәрім университетінің Филология факультетін бітіруші түлектер дәл осындай шаттыққа кенелуде, — деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.

Шәкәрім университетінің Медиа орталығының хабарлауынша, салтанатты шараның шымылдығын Басқарма төрағасы Бауыржан Ердембеков құттықтау сөзімен ашып, үлкен өмірге қанат қаққан болашақ жас мамандарды айтулы кезеңмен құттықтады.

«Құрметті түлектер, 4 жыл бойы білім нәрімен сусындап, бүгінде әр саланың маманы атандыңыздар. Сіздерге жарқын болашақ және ақ жол тілеймін! Университет қабырғасында алған білімдеріңіз бен егемен еліміздің өркендеп дамуына елеулі үлес қосып, Шәкәрім университетін жоғарғы дәрежеден көрсетулеріңізге тілектеспін!», — деді ректор.

Жиында «Біз осы оқу орнына елдің түкпір-түкпірінен жиналдық. Білім нәрімен сусындап, жаңа достар таптық. Бір-бірімізді қолдап, қиын сәттерде кеңес бердік. Университеттің бізге берген құнды тәжірибесі болашақта тірек болмақ. Бізге білім беріп, өмір сабақтарын үйреткен ұстаздарға рақмет айтамыз», — деді бітіруші түлек Аружан Мырхиева .

Шара барысында ата-аналар да сапалы білім мен тағылдымды тәрбие берген ұжымға алғыстарын білдірді. Жиын соңы факультеттің өнерпаз жастары дайындаған концертке ұласты.

Айта кетейік, Филология факультеті 1939 жылы «Орыс тілі мен әдебиеті», «Қазақ тілі мен әдебиеті», кейіннен «Шет тілдері» кафедралары негізінде ашылды. Биыл факультетті 6 мамандық бойынша 192 түлек тәмамдаса, ал 50 түлек ерекше үлгідегі дипломға қол жеткізді.

Abai Aqparat.kz

Related Articles