ШҚО-да нәресте жатқан арбамен қыдырып жүрген мас ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Алтайда мас ер адам нәресте жатқан арбамен қыдырып жүрген, – деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.

ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 9 шілде күні түстен кейін Алтай қаласының көшелерінің бірінде мас ер адам нәресте ұйықтап жатқан арбамен қыдырып жүрген.

Оны Алтай қаласында патрульдеуді жүзеге асырып жүрген ауданның патрульдік полиция қызметкерлері байқаған. Тоқтағаннан кейін тәртіп сақшылары ер адаммен сөйлесуге тырысқан, алайда ол полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, балағат сөздер айтқан.

Полиция қызметкерлері ер адамның арбада жатқан баланың әкесі екенін білді. Ер адам әйелімен және баласымен бірге қонақта болған кезде, әйелімен жанжалдасып, нәтижесінде баланы алып, үйіне кеткені белгілі болды.

Тәртіп сақшылары 15 минут ішінде сәбидің анасының аты мен орналасқан жерін анықтап, оны аман-есен жеткізді.

Нарколог-дәрігердің қорытындысына сәйкес, ер адам орташа дәрежеде мас күйінде болған. Ол уақытша ұстау камерасына орналастырылды. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті бұзу бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігі (Қоғамдық орындарға мас күйінде келу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бүгінгі таңда өз баласының өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген әкесімен Алтай аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторлары жұмыс істеуде.

Abai Aqparat.kz

Related Articles