Семейлік Роза Нысантайқызы Азия Чемпионатының қола жүлдегері

Роза Нысантайқызы Азия Чемпионатында қола жүлдені қанжығасына байлады, – деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.

Шәкәрім университетінің студенті Роза Нысантайқызы Тайланд елінің Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатында дзюдодан III орынға ие болып, қола жүлдені жеңіп алды.
Asian Judo Championships турниріне 16 мемлекеттен 200-ге жуық спортшы қатысты.

Спортта тағы бір белесті бағындырған Роза 18-21 шілде күндері 70 келі салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады.

Розамен Shakarim Media телефон арқылы байланысқа шықты:

– Мен үшін бұл турнир оңай болмады… Қаншама эмоцияны бастан өткердім, көз жасым мен қуанышым қатар жүрді. Осы сапарға қолдау көрсеткен ата-анамның, сонымен қатар университетіміздің ректоры Бауыржан Аманкелдіұлының үмітін ақтай алмай қаламын ба қатты деп уайымдадым. Кейін өзімді жинап, мұнда бекерге келмегенімді дәлелдейін дедім. Бұл жүлдемді барлық шәкәрімдіктерге арнаймын – деді Роза Нысантайқызы.

Сондай-ақ, Тайландқа баруыма қаржылай қолдау білдірген университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлына шексіз алғысын білдіретінін жеткізді.

Еліміздің намысын әлемдік деңгейде қорғап жүрген үздік студенттің бапкері, «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының аға оқытушысы Айбек Жұманбаевты және барлық шәкәрімдіктерді Розаның жеңісімен құттықтаймыз!

Abai Aqparat.kz

Related Articles