Абай облысының әкімі Аягөз ауданының тынысымен танысты

Нұрлан Ұранхаев Абай облысындағы аумағы жағынан ең ірі, бүгінде 70,9 мың адам тұратын Аягөз ауданына жұмыс сапарымен келді, — деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.

Облыс басшысының жұмыс сапары Аягөз ауданының тарихи, табиғи және мәдени дамуын сипаттайтын Өлкетану музейінен басталды.

Музей: «Аягөз – ұлылар мекені», «Жеңіске құрмет», «Этнография» және «Табиғат» атты төрт экспозициялық бөлімнен тұрады.  Сондай-ақ Нұрлан Ұранхаев Аягөз қаласындағы Абай атындағы саябақты аралады. Сонымен қатар Аягөз қаласының № 9 бастауыш мектебінің жұмысымен танысты. Аталмыш оқу орнының ірге тасы 1930 жылы қаланған болатын.

2017 жылы тарихи ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оқу уақытында мектепте бір ауысымда 350 оқушы білім алады. Мұнда 1-4 сынып оқушыларына арналған 14 оқу кабинеті, 2 мектепке дейінгі білім беру кабинеті, 2 компьютерлік сынып және өзін-өзі тану кабинеті бар.

Абай облысының әкімі Аягөз қаласындағы бокс залына барды. Спорт нысаны 2011 жылы ҚР тұңғыш Сыртқы істер министрі, Аягөз қаласының тумасы Төлеутай Сүлейменовтың жеке қаражаты есебінен салынған. Бокс залының әр ауысымында 60 оқушы жаттыға алады. Ғимарат орталықтандырылған жылыту және  су жүйесіне қосылған. Жыл сайын бокс залында жасөспірімдер арасында бокстан арнайы республикалық турнирлер өткізіліп отырады. Сондай-ақ, Абай облысының басшысы жақында іске қосылған басқа да әлеуметтік нысандармен танысты. Өткен жылы демеушілердің қаражатымен студенттер жатақханасы салынды.

Abai Aqparat.kz

Related Articles