Абай облысында жолдарды жөндеу қарқынды жүзеге асырылуда
Облыс әкімдігінде Абай өңір жолдарындағы жөндеу жұмыстарының барысы туралы айтып берді, — деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.
Әкімдіктің хабарлауынша, жалпы облыс бойынша 2022 жылы жалпы ұзындығы 360 км жол желісін жөндеу бойынша 52 жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде 32 жоба Семей қаласында, Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар аудандарының ауылдарында көше-жол желісін орташа жөндеу бойынша іске асырылуда.
Семейде биыл орташа жөндеу жұмыстарымен қаланың 60-тан астам көшесін қамту көзделген. Қазіргі уақытта қаланың 20 көшесінде жұмыстар аяқталды, жалпы ұзындығы-17,2 шақырым. Атап айтқанда, орталық бөлігінде жол жұмыстары, сонымен қатар қала бойынша 15 оң жақ бұрылыстардың құрылысы жүргізілуде.
«Юность ықшам ауданында, Щорса, Физкультурная, Глинки, Спартак, Кәрменов көшелеріндегі және Шәкәрім даңғылындағы оң жақ бұрылыстардың құрылысы аяқталу алдында», — деп түсіндірді әкімдікте.
Биылғы жылы Талица және Қайнар ауылдарындағы жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Мұрат және Мұқыр ауылдарына кіреберіс жолдар салынды.
Айта кетейік, Абай облысы жолдарының жалпы ұзындығы 6 703 шақырымды құрайды, оның ішінде Республикалық маңыздағы жолдардың ұзындығы – 2 176 шақырым, облыстық – 1599 шақырым, аудандық – 2928 шақырым.
Abai Aqparat.kz