Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция форумында Мемлекет басшысы сөз сөйледі
Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция форумында Мемлекет басшысы сөз сөйледі.
Президент:
Біз жаңа саяси дәуірге қадам бастық. 20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Бұл – болашақ даму бағдарымызды айқындайтын аса маңызды науқан. Түрлі қоғамдық ұйымдары маған өздерінің атынан сайлауға түсу туралы ұсыныс білдірді.
Мен бұған дейін Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермей, саяси тұрғыдан бейтарап болу қажеттігін айттым. Осы ұстанымым өзгермейді. Баршаңыз ұсынған ортақ кандидат ретінде президент сайлауына түсу – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік.
Маған сенім артқандарыңыз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Коалицияда басты саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың болуы өте маңызды. Себебі, онда барлық әлеуметтік топтар қамтылған.
Мен еліміздің саяси, әлеуметтік, құқықтық, және басқа да маңызды жүйелерін түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жүргіздім. Бұл реформалар халықтың тұрмысын түзеуге, әр адамның құқығын толық қорғауға, демократиялық үдерістерді жедел жүргізуге бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, барлығы тек халық үшін жасалып жатыр. Сондай-ақ, мемлекеттілігімізді нығайтуға арналды.
Жалпы, көп жұмыс атқарылды деп айтуға болады. Бірақ, бұл – күрделі жолдың басы ғана. Сондықтан біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алып, әділ қоғам құруға кірістік. Саяси реформаның төрт топтамасын жүзеге асырдық.
Билік пен қоғамның диалогын нығайту үшін ата дәстүрімен Ұлттық құрылтай шақырылды. Оның жұмысына түрлі сала өкілдері белсене қатысты. Әлемді жайлаған коронавирус індетіне бірге қарсы тұрдық. «Қасіретті қаңтар» кезіндегі зор сынақты тұтас ел болып еңсердік.
Биыл Конституцияға өте маңызды өзгерістер енгіздік. Еліміз үшін жарқын келешекке жол аштық. Яғни, қысқа уақытта орасан зор жұмысты бірге атқардық деп сеніммен айтуға болады.
Бірақ, әлі де ауқымды жұмыс атқаруымыз керек, бағындыратын белестеріміз – алда. Қандай қиын болса да, бәріміз бірге оны міндетті түрде абыроймен атқарамыз. Ортақ мақсатқа жетеміз!.
Маусым айында өткен референдум мемлекетіміздің бағдары дұрыс екенін көрсетті. Енді өркениетті президенттік басқару жүйесіне көшеміз. Саяси реформалар арқылы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтыратын болдық.
Келесі жылдан бастап Мәжіліс пен мәслихаттар аралас жүйе бойынша сайланады. Билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнату үшін шаралар қабылданды. Президенттің бірқатар өкілеттігі Парламентке берілді. Өңір басшылары баламалы жолмен таңдалатын болды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілі қолданыла бастады.
Саяси партияларға жағдай жасау үшін заңдарға өзгеріс енгізілді. Әйелдерге және жастарға саясат саласында жеңілдіктер берілді. Мүмкіндігі шектеулі жандар да тыс қалмады. Ашық азаматтық қоғамның іргесін қаладық деп күмәнсіз айтуға болады. Қазіргі ақпарат, интернет дәуірінде саяси дамудың басқа балама жолы жоқ.
Еліміздің дамуына кедергі келтіріп отырған кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық. Онымен күресу – баршамызға ортақ міндет. Бұл бағытта соңғы үш жылда біраз шаруа атқарылды. Мысалы, осындай қылмысы үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салынды. Бұдан былай олардан қайтарылған қаражат мектеп салуға жұмсалады.
Жемқорлықпен күрес тиімді болу үшін мемлекеттік сатып алу жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Сондай-ақ құзырлы орган басшыларының жауапкершілігі артты. Бір сөзбен айтқанда, жемқорлықпен күрес ешқашан тоқтамайды, жалғаса береді.
Сонда ғана біз осы індеттен таза қоғам құрамыз. Бұл – менің стратегиялық мақсатым!.
Мен қоғамда заңдылық пен тәртіптің қатаң сақталуына баса мән беремін. Мұны үнемі айтып жүрмін. Осы ретте, тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам және есірткі саудасы үшін жаза күшейтілді. Браконьерлікке қарсы заңдарды қатайттық. Табиғатты қорғау жұмысын мемлекеттік деңгейге көтердік. «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша тәртіп сақшыларының қызметін реформалау басталды.
Біз білім, ғылым саласын дамытуға айрықша назар аударып отырмыз. Қала және ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты жою үшін нақты шаралар қолға алынды. Білім сапасы төмен жоғары оқу орындары жабыла бастады. Дарынды жастарды қолдау үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант беріле бастады. Жас ғалымдарға әлемнің беделді ғылыми орталықтарында озық білім алу үшін 500 және «Жас ғалым» жобасы аясында 1000 грант бөлінді. Жалпы, білім беру және ғылым саласы әрдайым мемлекеттің назарында болады. Мен бұл салаларға ерекше мән беремін. Қоғамда білім үстемдігін қалыптастыратын кез келді.
Елімізде демографиялық ахуал жақсарып келе жатыр. Бұл – құптарлық үрдіс. Біз «Аңсаған сәби» бағдарламасын қабылдадық. Ұлт саулығы – басты байлығымыз. 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданысқа енгізілді. Соның арқасында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 1,5 есе артты.
Медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Сондай-ақ, дене шынықтыру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұқаралық спортты дамыту, түрлі үйірмелер ашу қажеттігі туралы міндет қойылды.
Тағы бір бастама – Президенттің өкілеттігін 7 жылдық бір мерзіммен шектеу. Мен осы шешім туралы көп ойландым. Бір адамның ұзақ уақыт билікте болуы дұрыс емес тұжырымға келдім.
Мемлекеттің тірегі – жалғыз Президент емес, бүкіл халық. Сондықтан ел басқаруға жаңа буын өкілдерінің келуі өте маңызды.
Біз ұлт мүддесін қорғайтын және халыққа адал қызмет ететін азаматтарға жол ашуымыз керек. Нағыз мемлекетшіл, отаншыл, білікті тұлғалар жұртты жасампаз істерге жұмылдырып, Қазақстанды өркендете алады. Осы ұстаным мызғымас қағидатымыз болуға тиіс.
Мен ұлтты ұйыстыратын жеті қағиданы атап өткім келеді.
Бірінші. Тәуелсіздік бәрінен қымбат.
Мен былтыр осы тұжырым туралы арнайы мақала жарияладым. Біз егемендігімізді сақтай алсақ қана, ұлт болып, ел болып тұра аламыз. Тәуелсіз мемлекет қана өзінің тілін, жерін, дінін, ділін сақтап қалады. Сондықтан, Тәуелсіздік – біз үшін ең басты құндылық.
Тәуелсіздікті қорғау және нығайту – әрбір азаматқа, бәрімізге ортақ міндет! Тағы да қайталап айтамын. Дамыған, өркениетті ел боламыз десек, еңбекті ең басты орынға қоюымыз керек.
Еңбекқорлық – өскелең ұрпақтың бойына сіңген қасиет болуға тиіс. Бұл қасиет біздің өмір салтымызға айналуы керек. Масылдық ниеттен, бос сөзден арылуымыз қажет. Тәуелсіздікті нығайтуға нақты іспен үлес қосу – әр азаматтың перзенттік парызы. Еңбек адамы біздің қоғамда қашанда құрметке ие болады. Себебі, еңбекқор адам өз сөзін әрдайым іспен дәлелдей алады.
Екінші. Елдіктің негізі – жеріміздің тұтастығы.
Бабаларымыз ұрпағына ұлан-ғайыр жерді мирас етті. Біз оның бір уыс топырағына дейін қастерлеп, атамекенімізді қорғай білуіміз керек.
Үшінші. Мемлекет мүддесі – қастерлі құндылық.
Ауылдан Ақордаға дейінгі шешімнің бәрі осы тұрғыдан қабылдануы қажет. Бір сөзбен айтсақ, әр істе мемлекеттік ұстаным болуы керек.
Мемлекет мүддесі дегеніміз – халықтың мүддесі. Сондықтан, барлық шешімдер, жобалар, заңдар мен жарғылар ел мүддесін қорғауға арналады. Туған елге жанашырлық әр азаматқа тән қасиет болуға тиіс.
Төртінші. Рухани үндестік – бірліктің бастауы.
Төл тарихымыз, ана тіліміз бен ата дініміз – елді біріктіретін бірегей құндылықтар. Оны дау-дамайға айналдыруға болмайды. Жұртты адастырып, теріс жолға салудан сақтанған жөн.
Қазақстанда түрлі этнос өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың мақсаты – бір, болашаққа деген көзқарасы – ортақ. Бәріміз – бір елдің азаматтарымыз. «Әралуандық арқылы – бірлікке» қағидаты ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Біз этносаралық татулықты сақтай білуіміз керек. «Қазақстан азаматы» деген ұғым жалпыұлттық бірегейліктің өзегі болуы қажет. Сонда біртұтас ұлт ретінде келешекке сеніммен қадам басамыз.
Бесінші. Заңдылық пен тәртіп – өркениетті ел болудың кепілі.
Заң талаптары барлық салада мүлтіксіз орындалуға тиіс. Заң алдында – бәрі тең. Заң алдында бәрі бірдей жауап береді.
Сонда ғана біз заңы мүлтіксіз орындалатын, тәртібі қатаң сақталатын Әділетті мемлекет құрамыз.
Алтыншы. Жасампаздық – жаңару мен жаңғыру жолы.
Біздің басты мақсатымыз – Отанымызды өркендету, мемлекетімізді дамыту. Озық білім мен қажырлы еңбек қана елді табысқа жеткізеді. Бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Қазір ғылым экономиканы жедел алға жетелейтін алып индустрияға айналды.
Қазақстан жаһандық экономикадағы үрдістерден сай болуға тиіс. Бізге де осы ғылыми-технологиялық жаңашылдықты әкеліп, өндіріске қосатын жаңа әрі білікті мамандар керек. Біз оларға қажет жағдайдың барлығын жасаймыз.
Себебі, адам капиталы ең құнды байлығымыз. Мұны уақыт және тәжірибе дәлелдеді. Осылайша, Қазақстанның инновацияның, жаңа технологияның, тың идеялардың, ауқымды капиталдың орталығы болуға зор мүмкіндігі бар.
Жетінші. Достық пейіл, мейірімділік және жанашырлық – ең асыл қасиеттер.
Қазақта «Сыйлассаң – сыйлы боларсың» деген сөз бар. Ағайынның татулығы мен жанашырлығы – ел бірлігінің түп қазығы. Елдің тұтастығы қарапайым адамдардың өзара түсіністігінен басталады.
Халқымыз бәрін де ақыл-парасатпен шешкен. Бұл дәстүрді ұмытпауымыз керек. Аға буын осы игі дәстүрді насихаттауы қажет. Жалпы, ортақ жетістіктер ұлттың мерейін өсіреді.
Біз бір-бірімізге қашанда тілектес болуымыз қажет. Талапты, дарынды азаматтарды қолдай білуіміз керек. Әр отандасымыздың табысына қуанып, қиындықтарды бірге еңсеруге тиіспіз. Халқымыз «Ұйымдасқан ұтады» деп бекер айтпаған. Бірлігімізді бекемдей білсек, елдігімізді сақтап қаламыз. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құрамыз.
Демократия, заң үстемдігі және теңдік қағидаттары сақталатын мықты мемлекет боламыз. Бұл біздің қолымыздан келеді. Себебі, айқын мақсатымыз, нақты бағдарымыз бар. Жасампаз және отаншыл халқымыз бар.
Тәуелсіз елдің ойы еркін, рухы азат ұрпағы өсіп келеді. Біз түбегейлі өзгерістің бәрін өскелең ұрпақтың болашағы үшін жасап жатырмыз. Баршаңызды елімізді бірге көркейтуге шақырамын! Өйткені, біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір.
Да здравствует наша Родина – Республика Казахстан! Да здравствует наш единый народ! Әрдайым бірге болайық! Қасиетті Отанымыз – Қазақстанымыз жасай берсін!».
https://ortcom.kz/kk/novosti/1665053285