Алаш астанасында Алаш әндері шырқалды
Әлихан Бөкейхан Университетінің бастамасымен ұйымдастырылған «Алаш» апталығының қорытынды кеші ретінде Қалалық Мәдениет Сарайының сахнасында «Алаш» әндері» музыкалық-танымдық кеші өтті.
Кешті – «Алашорда» Үкіметінің құрылғанына 105 жыл толуына орай әрі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесінің құрметіне Әлихан Бөкейхан Университеті мен Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония өткізді.
Кеш барысында қазақ ән өнерінің тарихына «Алаш» әндері» деген атпен енген бірегей музыкалық туындылар – Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Қапез Байғабылұлы, Мағжан Жұмабаев сынды Алаш арыстарының әндері орындалып, көрермендерге әр әннің шығу тегі, мән-мағынасы мен орындалу ерекшеліктері туралы тарихи-танымдық ақпараттар берілді.
Күннің аязына қарамастан, ұлтты ұйыстыруға, елдікті насихаттауға, еркіндік пен азаттыққа үндейтін жыр жауһарларын тыңдауға келген көрермен қауымын Мәдениет сарайының залына лық толды.
Кеш барысында сонымен қатар Жарма ауданынан арнайы келген әкімдік өкілдері — Жарма ауданы мәслихатының төрағасы Оспанбаев Мейірхан Мелісұлы және Жарма ауданының әлеуметтік-мәдени дамуына арналған «Береке» қоғамдық қорының атқарушы директоры Тулеубаева Құрма Нукенқызы Университетімізде білім алып жатқан Жарма ауданының мектеп түлектеріне бір реттік қолдау көмектерін табыстады.
Оқу озаттары, көп балалы отбасыдан шыққан студенттер, жастар ұйымдарының белсенділері — жалпы жиыны 12 студент, әрқайсысы 100 мың теңге көлеміндегі сертификаттарға ие болды.
Abai Aqparat.kz