Дәурен Абаев «Еуразия» кинофестиваліне қатысушылармен кездесті

Алматыға жұмыс сапары барысында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «Ауыл» фильмінің көрсетіліміне барды. Белгілі режиссер Серік Апрымовтың бұл фильмі XVI Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Ұлттық байқауына қатысып жатыр.

Айта кетейік, қазақстандық жас режиссерлер тұңғыш рет «Еуразия» кинофестивалінің марапаттарына Ұлттық байқау аясында қол жеткізіп отыр. Жалпы, кинофестивальдің түрлі бағдарламаларына 50-ге жуық отандық және шетелдік фильм қатысты.

Ұлттық байқауға «Ақын»  (реж. Дәрежан Өмірбаев), «Схема» (реж. Фархат Шәріпов), «Дос-Мұқасан» (реж. Айдын Сахаман) және басқа фильмдер ұсынылған. Халықаралық байқауда «Мәрмәр тастай суық»(Әзірбайжан-Франция; реж. Асиф Рустамов), «Ешқайда апармайтын жол» (Өзбекстан; реж. Камара Камалова) және «Құдайдың шақыруы» (Эстония – Латвия – Қырғызстан; реж. Ким Ки Дук) және басқа фильм режиссерлері бақ сынайды.

Екі байқауда да жеңімпаздар келесі бес номинация бойынша марапатталатын болады: Үздік фильм, Үздік режиссерлік жұмыс, Үздік ерлер рөлі, Үздік әйелдер рөлі және қазылар алқасының арнайы жүлдесі.

Кинофестиваль аясында түрлі кездесулер, дөңгелек үстелдер мен презентациялар өтті. Онда сала өкілдері қазақстандық кинематографтың өзекті мәселелерін талқылады, кейін қатысушылар мен сала сарапшылары үшін  Work-In-Progress бағдарламасы ұйымдастырылды.

Айта кетейік, 18 желтоқсанда фестиваль жеңімпаздпрының есімі белгілі болады. 15:00-де қонақтар мен қатысушылар қызыл кілем арқылы жүріп өтсе, 16:00-де марапаттау рәсімі басталады.

«Еуразия фестиваліне мықты фильмдер ұсынылған. Бүгін қазылар алқасы үздіктерді анықтайтын болады. Қатысушыларға сәттілік тілеймін»,— деді Дәурен Абаев.

Abai Aqparat.kz

Related Articles