Ташкентте Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған көрме ашылды

Өзбекстанның бейнелеу өнері галереясында қазақ жазушысы және ойшылы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Абай. Бауырлас халықтардың мұрасы» атты көрме ашылды.

Көрменің ашылу салтанатына Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары, Туризм және мәдени мұра министрі Әзиз Әбдіхақымов, Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов, «Жидебай-Бөрілі» Абай музейінің директоры Тұрдықұл Шанбай, Бейнелеу өнері галереясының директоры Камола Акилова мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев көрме жұмысын ұйымдастырғаны үшін өзбек тарапына алғысын білдірді.

«Әлішер Науаи мен Абайдың шығармашылығы – жалпы адамзат құндылықтарының қалыптасу үлгісін бейнелейтін ұлы мұра. Екі ойшыл әртүрлі уақытта өмір сүрсе де, оларды гуманизмге деген ұмтылыс пен поэзиядағы реформаторлық рух біріктіреді. Екеуі де бауырлас халықтың рухани тірегі», – деді Дәурен Абаев.

Өз кезегінде Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары, Туризм және мәдени мұра министрі Әзиз Әбдіхақымов қазіргі уақытта түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтау және қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыстартар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Қазақтың ұлы жазушысы Абайдың шығармашылығына арналған көрменің ашылуы – Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы достықтың нығайып келе жатқанын айғақтайды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа «Өзбекстанға қош келдіңіз» деп айтқым келеді. Бүгін ашылған көрме Ұлы ойшыл Әлішер Науаидің гуманистік дәстүрлерін сақтаған Абай шығармашылығын жақсы түсінуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Оның шығыс пен батыстың бірлігі туралы, әлемдік мұраны игеру қажеттілігі, энциклопедизмге ұмтылу, адам табиғатын жетілдіру туралы идеялары қазіргі кезеңде де өзектілігін жоғалтқан жоқ», – деді Әзиз Әбдіхақымов.

«Абай. Бауырлас халықтардың мұрасы» көрмесі келесі негізгі бөлімдерден тұрады:
Көшпелі мәдениет Абайдың қалыптасуының негізгі факторы ретінде; Әлішер Науаидің Абайды қалыптастырудағы рухани тәлімгер ретіндегі рөлі; Абай өмірінің негізгі кезеңдері; Суретшілер Ә. Қастеев, Ө. Таңсықбаев, Е. Сидоркин, Н. Өтепбаев және т. б. шығармаларындағы Абай кейіпкерлері мен сюжеттері.

Көрмеде қазақтың дәстүрлі тұрмысы, сәндік-қолданбалы өнері, кескіндеме, графика, Абай туралы басылымдар, оның шығармалары ұсынылған.

«Абай. Бауырлас халықтардың мұрасы» көрмесі Ташкентте 19-30 желтоқсан аралығында өтеді.

Сонымен қатар, бүгін Ташкентте Абай Құнанбайұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Abai Aqparat.kz

Related Articles