«AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалына жаңа төраға сайланды

«AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалының кезектен тыс IV конференциясы өтті. Оған партия Хатшысы Ринат Кертаев, сондай-ақ, партияның аудандық филиалдарының атқарушы хатшылары, Абай облыстық және Семей қалалық мәслихатының депутаттары, Саяси кеңесі бюросы және қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық партия активі мен «Жастар рухы» ЖҚ мүшелері қатысты.

Іс-шара барысында облыстық партия филиалының 2022 жылы атқарған жұмысы және алдағы міндеті пысықталып, облыстық және қалалық фракцияның биыл атқарған жұмысы туралы есеп берілді. Сонымен қатар, облыстық партия филиалының төрағасы сайланды.

«Біз әрдайым халықпен бірге жұмыс істеп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерді оң шешуге тырысамыз. Облысымыздың құрылғанына аз ғана уақыт болса да, көп жұмыс атқарылды. Біздің басты мақсатымыз – шешілмей жатқан мәселелерді көтеріп, ел үшін еңбек ету» — деді өз сөзінде облыстық депутаттық фракция жетекшісі Шолпан Чегедекова.

Конференция барысында партияның Абай облыстық филиалының жаңа төрағасы болып Қуаныш Сүлейменов сайланды.

«Абай облысы ұлтымызға Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды біртуар тұлғаларды сыйлады. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, ұлт зиялыларының ұлағатты өлкесі. Осыдан 120 жыл бұрын еліміздегі мұғалімдерді даярлайтын алғашқы оқу орны осы қалада ашылғаны баршаға белгілі. Сондықтан, бұл жерді қазақ руханияты тамыр жайған, киелі де қасиетті мекен деп білеміз», — деді партия Хатшысы Ринат Кертаев.

Abai Aqparat.kz

Related Articles