Қазақстан мен Өзбекстанның Ауыл шаруашылығы министрлері ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды

Қазақстан мен Өзбекстан өзара сауда көлемін ұлғайтуды және АӨК саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Ташкенттегі бизнес-форум аясында екі елдің Ауыл шаруашылығы министрлері ынтымақтастықтың тиісті бағдарламасына қол қойды.  Саладағы өзара іс-қимыл мәселелері Қазақстан Президентінің Өзбекстанға мемлекеттік сапары аясында  талқыланды.

ҚР АШМ басшысы Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, 2025 жылға дейін құны 193,1  млн доллар болатын 12 инвестициялық жобаны іске асыру және  1,2 млрд долларға 2,1 млн тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін оның ішінде картоп, көкөніс, ет және ет өнімдерін  жеткізуді ұйымдастыру жоспарланып отыр.

«Егер екі ел арасындағы АӨК өнімі бойынша сауда айналымының статистикасына қарасақ, Қазақстан мен Өзбекстаннан жеткізілімдер тұрақты түрде жүзеге асырылып жатқанын көреміз. Біз азық-түлік қажеттіліктерін өзара толықтырып отырамыз. Маңызды мәселелердің бірі тарифтерді, оның ішінде транзиттік тарифтерді төмендету, сауда және транзит рәсімдерін оңайлату, бір — біріне қатысты ашық сауда саясатын қолдану арқылы тауар айналымын ұлғайту үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады», — деді Ербол Қарашөкеев екі ел Президенттерінің кездесуі кезінде.

Айта кетейік, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ауыл шаруашылығы тауарлары бойынша тауар айналымы оң көрсеткіштерді көрсетіп отыр, мәселен биылғы жылдың 10 айында 31% — ға өсіп, 1,4 млрд доллардан асты. Қазақстаннан экспорттың көлемі 1,165 млрд доллардан асты. Отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Өзбекстанға негізінен бидай, күнбағыс майы, ұн және ІҚМ еті, сондай-ақ макарон өнімдері мен картоп сатады. Өзбек тарапы Қазақстанға 233,7 млн долларға жеміс пен көкөністерді сатты.

Abai Aqparat.kz

Related Articles