Қорғаныс министрі үздік жас патриоттарды марапаттады

Мемлекет басшысы жариялаған Балалар жылына орайластырылған іс-шаралар аясында қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Жас сарбаз» қозғалысының 2022 жылы ерекше көзге түскен тәрбиеленушілерімен кездесті. 

Қорғаныс министрі Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған республикалық жас патриоттар форумының лауреаты атанған «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының үш тәрбиеленушісін марапаттады.

Талдықорған қаласы Мұхтар Арын атындағы № 24 дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейдің 7-сынып оқушысы Нұрасыл Шәріпов «Жас робототехник» номинациясы бойынша үздік атанды. Алматы облысының Шамалған кентіндегі Алтынсарин атындағы орта мектептің

7-сынып оқушысы Әли Досман «Жас спортшы» номинациясын жеңіп алды. Ал Атырау қаласындағы № 3 мектеп-гимназияның 3-сынып оқушысы Дінмұхаммед Жаңбырбайға «Жас батыр» номинациясы берілді.

– Жас патриоттар форумына қатысқан екі жүзден астам кандидатураның арасынан «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, сендердің жеңімпаз болғандарың біз үшін үлкен мақтаныш. Сендерді бүгінгі жеңістеріңмен құттықтаймын! Әрқашан білімге, жаңа жетістіктерге ұмтыла беріңдер. Ақылды, қайратты әрі батыл болып өсіңдер. Әрдайым игі де ұлы істерді жасауға дайын болыңдар. Сендерді мектептен соң болашақ Отан қорғаушылар ретінде, әскери оқу орындарының курсанттары қатарынан көремін деп үміттенемін, – деді Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов салтанатты жағдайда Нұрасыл Шәріпов пен Әли Досманға грамоталар табыс етті. Дінмұхаммед Жаңбырбай Қорғаныс министрінің қолынан «Ел қорғаны» ведомстволық медалін алды.

Дінмұхаммед 2022 жылғы 3 желтоқсанда Жайық өзенінде ойнап жүріп, мұз астына түсіп кеткен тоғыз және он төрт жастағы екі баланы құтқарып қалған болатын. Небары сегіз жастағы ол қиын сәтте абдырап қалмай, өзін нағыз батыр ретінде көрсете білді.

Abai Aqparat.kz

Related Articles