Семейде алғаш рет компьютер ойындарын әзірлеуші жастар арасындағы байқау өтті

Әлихан Бөкейхан Университетінде өңірімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған, компьютер ойындарын әзірлеуші жастар арасындағы ABU Game Jam 1.0 фестиваль-байқауы өтті.

Байқауды Абай облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы және Qazinnovations инновацияларды дамыту жөніндегі Ұлттық агенттігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Байқауға жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінен, Назарбаев зияткерлік мектебі, Білім-Инновация лицейі және Экономикалық лицей оқушыларынан құралған 11 команда қатысты.

Үш күн бойы қатысушылар білікті менторлардың қолдауымен Абай облысының болашақ дамуы тақырыбында компьютерлік ойындар жасады.

Жас IT әзірлеушілердің жұмыс нәтижелерін білікті мамандар сарапқа салып, байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтады.

Фестиваль қорытындысы бойынша:

1 орынды Р. Байсеитов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжі студенттерінің «Monkey Power» командасы иеленді.
2 орынды Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының «NISOFT» командасы және
3 орынды Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының тағы бір командасы – «ArLEA» тобы иеленді.

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болады.

Талантты да талапты, шығармашыл жастардың басын қосқан ABU Game Jam фестивалі алдағы уақытта жылына бірнеше рет, дәстүрлі түрде өткізілетін іс-шараға айналмақ.

Abai Aqparat.kz

Related Articles