Семейде жаңа ғылыми-зерттеу орталығы ашылды
Шәкәрім университетінде «Радиоэкологиялық зерттеулер» ҒО базасында «Материалдардың бетін түрлендіру» ғылыми орталығының ашылу рәсімі өтті. Рәсімге ЖОО басшылары, шетелдік және отандық ғалымдар, Семей медициналық университеті, Plasma Science, Спектромарт ЖШС, Атомдық энергия институты, Ядролық медицина және онкология орталығы, «Семей инжиниринг» және өңірлік колледждердің өкілдері қатысты.
Ғылыми-зерттеу орталығын құру Шәкәрім университеті мен «PlasmaScience» ЖШС арасындағы өзара ынтымақтастық меморандумы аясында ұйымдастырылды. Бұл бастама іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде ғалымдар мен мамандардың күш-жігерін үйлестіруге ықпал етеді. Бүгінгі таңда аталған орталықта жалпы сомасы 300 млн. теңгеге жуық 4 жоба іске асырылуда.
Басқарма төрағасы Бауыржан Ердембеков бірлескен тыңдырымды жұмыстың арқасында ашылған орталықтың маңыздылығына тоқталып, өңірлік ғылым саласын дамытудың бірден-бір мүмкіндігі жас ғалымдардың қолында екендігін тілге тиек етті.
Жобалардың арқасында орталық 3 зертханамен жабдықталды. 25 бірлік ғылыми жабдықтар мен зертханалық жиһаз сатып алынды. Қазіргі уақытта орталықтың құрамында университеттің жас ғалымдары, оқытушылары, докторанттары мен магистранттары қатарынан 9 қызметкер жұмыс істейді.
— Радиоэкологиялық зерттеулер орталығы 2008 жылы құрылды. Орталықта бірнеше зертханалар бар. Олардың қызметі аймақтың радиоэкологиялық қауіпсіздігін зерттеуге бағытталған. Қыркүйек айынан бастап «Эко-сад» ЖШС кәсіпорнының аккредиттелген сынақ зертханасы жұмыс істейді. Аккредиттеу саласы жұмыс аймағының ауасын талдаумен және өнеркәсіптік кәсіпорындар аймақтарындағы атмосфералық ауаның сәйкестігін бағалаумен байланысты. Жаңа зерттеу орталығы ғылыми идеяларды жүзеге асыратын біздің жас ғалымдарымыз физика, математика, информатика, химия мен инженер мамандарын біріктіреді,- деді Басқарма мүшесі – ғылым және инновация жөніндегі проректор Жанар Қалибекқызы.
Ғылыми жобаларды іске асыру университеттің ғылыми әзірлемелерінің сапалы өсуіне әкеледі. Заманауи ғылыми жабдықтарды пайдалана отырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау үшін білікті кадрлар даярланатын болады. Бұл өз кезегінде іргелі және қолданбалы зерттеулер кезінде ресурстарды біріктірудің жинақталған тәжірибесі жаңа материалдар мен конструкцияларды құрудың ауқымды міндеттерін шешуге мүмкіндік береді.
Жиын жас ғалымдар мен оқытушыларға арналған «Ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастырудың тиімді стратегиясы» коуч-сессиясымен жалғасты. Коуч-сессия барысында спикерлер ғылыми қызметті ұйымдастыру, қолданбалы салаларда ғылыми зерттеулерді қолдану, сондай-ақ өндіріске ҒЗЖ және ҒЗТКЖ енгізу мәселелері бойынша өз тәжірибелерімен бөліседі. Стартап-жобалар арқылы ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру тәсілдері қаралатын болады.
Abai Aqparat.kz