«Шахмат керуені» Семейге бет түзеді
26 қыркүйек күні Семей «Шахмат керуенін» қарсы алады. Керуеннің келуіне арналған салтанатты шара сағат 10:00-де әкімдік алдындағы орталық алаңда өтеді.
Бас серіктес Freedom Broker қолдауымен жүзеге асып жатқан жоба өңірлерде шахмат қозғалысын насихаттауды мақсат тұтады. Саудамен қатар, халықтардың мәдени және спорттық мұрасын тасымалдаған Ұлы Жібек жолы жобаның идеясына түрткі болған.
Семей Көкшетау, Петропавл, Қарағанды және Павлодарды аралап шыққан керуен жолындағы бесінші қала болмақ.
Керуеннің келуіндегі маңызды сәттің бірі – Қазақстан шахмат федерациясының облыстық филиалының тұсаукесері.
Орталық алаңда орнатылған мобильді киіз үйде гроссмейстермен бір реттік ойын сеансы мен шахмат турнирі болады. Облыстық кезеңнің жеңімпазы мен жүлдегерлері қараша айында Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алады.
Салтанатты шараға Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті қатысады деп жоспарлануда.