ШҚО-да гаражда есірткі сатумен айналысқан қаскөйлер ұсталды
ШҚО-да гараж кооперативінде есірткі саудасы тоқтатылды, деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.
ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың сәуір айының басында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кинологиялық қызмет орталығы, ШҚО ПД жедел-криминалистикалық орталық қызметкерлерімен және ҚР ІІМ арнайы бөлімшесімен бірлесіп, қаланың гараж кооперативтерінің бірінде облыс орталығының 54 жастағы тұрғынын ұстады. Оның гаражын тінту барысында өсімдік тектес заты бар үш қағаз және 25 полимерлі түйіншек табылып, тәркіленді.
Сарапшының қорытындысына сәйкес, зерттеуге ұсынылған заттар жалпы салмағы 1,2 грамнан асатын кептірілген марихуана есірткі болып шықты. Сондай-ақ, ұсталған адамның тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізілді, онда өсімдік тектес заты бар бір қағаз пакет табылды, ол сараптама көрсеткендей, салмағы шамамен бір грамм болатын кептірілген марихуана екені анықталды.
27 сәуірде дәл сол гараж кооперативінің жанында есірткіні таратқаны және өсіргені үшін бұрын сотталған 57 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Ұсталғанның белдігінің астынан үш полимер түйіншек табылған.
Ер адамның тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізу кезінде қоңыр-жасыл түсті өсімдік тектес заты бар бір пластикалық ыдыс және құрамы ұқсас екі папирос табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, күдіктіден алынған заттар салмағы 135 грамнан асатын кептірілген марихуана екені дәлелденді.
Қаскөйлерге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі және ҚР ҚК-нің 297-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл баптардың санкциясы мүлкін тәркілеумен 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Abai Aqparat.kz