ШҚО-да ішімдік ішкен екі ұстаз оқушыларға әлімжеттік жасаған
Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында масайған екі мұғалім оқушыларға әлімжеттік көрсеткен, деп хабарлайды Abai Aqparat.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Глубокое ауданы Малоубинка ауылында оқушылар арасында 5 күндік далалық әскери оқу-жаттығу өткен. Мамыр айының 27-сі мен 31-і аралығында болған оқу-жаттығуға ауданның барлық мектептеріндегі 5-10-шы сыныптың 137 оқушысы қатысты. 23 алғашқы әскери дайындық пәнінің ұстазы шақырылды. Сондай-ақ дене шынықтыру жаттығуларын өткізу мақсатында Винное және Бобровка орта мектептерінің дене шынықтыру пәнінің ұстаздары бағытталған.
«Дене шынықтыру пәнінің екі ұстазы 11 баладан құрылған топқа жетекшілік етті. 30-ынан 31-іне қараған түнде ішімдік ішкен қос ұстаз балаларға әлімжеттік көрсеткен. Оқушылардың бірі бұл туралы қарауыл басшысына хабарлады», — деп хабарлады ШҚО Білім басқармасының баспасөз қызметі.
Балалар дәрігер тексерісінен өтті. Олардың денсаулықтарына ешқандай зақым келген жоқ. Қазір барлығы ата-аналарына табысталды.
«Аталмыш фактіге байланысты облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімі, құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары басталып кетті. Өрескел заңбұзушылыққа жол берген екі азамат аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — делінген мәліметте.
Сондай-ақ, далалық әскери оқу-жаттығуына бағытталған барлық алғашқы әскери даярлық пәнінің ұстаздарына қатысты өз міндеттерін қажетті деңгейде атқармай, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегендері үшін тәртіптік шара қолданылмақ.
Abai Aqparat.kz