Семейде мал ұрлығымен айналысқан ұры ұсталды
Семей полицейлері мал ұрлығымен айналысқан ұрыны ұстады, деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.
Семей қ. ПБ баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың 2 мамырында Әуезов полиция бөлімінің кезекші бөліміне Алғабас ауылының 59 жастағы тұрғынынан өз шаруа қожалығының аумағынан ұсақ мал ұрланғаны туралы арыз келіп түсті.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері ағымдағы жылдың 29 сәуірі мен 1 мамыры аралығында шаруа қожалық аумағынан 7 бас ұсақ мал ұрланғанын, нәтижесінде, жәбірленушіге 315 мың теңге көлемінде залал келтірілгенін анықтады.
«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары ұрлық жасаған күдіктіні анықтап, ұстады. Ол осы мал шаруашылығы қожалығында бұрын жұмыс істеген Қарқаралы ауданының 48 жастағы тұрғыны болып шықты. Жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында ұсталған азамат ұсақ мал ұрлығын жасағанын мойындады, алайда, ұрланған малды сатып жібергендіктен оларды қайтару мүмкін болмады»,- деді Семей қ.ПБ бастығы полиция полковнигі Ернар Базаров.
Қазіргі уақытта ұсталған азаматқа қатысты полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғап,тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде.
Abai Aqparat.kz