Риддер тұрғыны ас үй бөлмесінде есірткі сақтайтын қойма ұйымдастырған
Риддер қаласының тұрғыны ас үй бөлмесінде есірткі сақтайтын қойма ұйымдастырған, деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.
ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың сәуір айының соңында есірткі затын сақтады деген күдікпен Риддер қаласының 28 жастағы тұрғыны ұсталды. Пәтерді жедел тінту кезінде ас үйден ақ түсті ерекше иісі бар, ұнтақ зат салынған полимер пакет, сонымен бірге қоңыр-жасыл түсті өсімдік тектес зат салынған қорап, электронды таразы, қоңыр ұнтақ зат салынған қара оқшаулағыш таспамен оралған полимер пакет табылып, тәркіленді. Сол жерден ерекше иісі бар ақ түсті ұнтақ зат салынған 4 полимер пакет, ішінде ерекше иісі бар қоңыр түсті шайыр тәрізді зат салынған пластикалық қорап табылды.
«Сараптама қорытындысына сәйкес, ұсталған азаматтың пәтерін жедел тінті кезінде тәркіленген заттардың ішінде салмағы 2,3898 грамм психотроптық зат, 16,034 грамм психотроптық зат меткатинонның тектесі бар. Сондай-ақ, сараптама жедел тінту кезінде алынған картон қораптағы зат салмағы 3,05 грамм болатын «кептірілген марихуана» есірткі заты екенін көрсетті. Пәтерді жедел тінту кезінде алынған пластик қораптағы зат салмағы 6,10 грамм есірткі заты «каннабис шайыры» болып табылады», — делінген ведомство хабарламасында.
Қаскүнемге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Ұсталған азаматқа қатысты ҚР ҚК 296 бабы 4 бөлігі «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл баптың санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады.
Abai Aqparat.kz