Семейде Конституцияға өзгеріс пен толықтыру енгізу бойынша жалпыреспубликалық референдум басталды

Жалпы қала бойынша 149 сайлау учаскесі бар, олардың 19 жабық. Бұл күні Ата заңға өзгеріс пен толықтыру енгізуге 228 372 семейлік тұрғын дауыс береді, деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.

Референдум барысын аккредиттенген 500 байқаушы бақылауда.

№ 36 орта мектеп базасында құрылған № 251 учаскеде сайлау учаскесі ашылғаннан бастап шамамен екі жүзге жуық адам дауыс берді.

«Учаскеде 1864 адам тіркелген. Таңертеңнен бастап екі жүзге жуық адам дауыс берді. Тұрғындардың сайлауға қатысулары қарқынды. Бүгін Қазақстанның болашағы шешіледі, өйткені Конституцияға өзгеріс пен түзету енгізу барша қазақстандыққа әсер етеді. Сондықтан, барлық қала тұрғындары бүгінгі референдумға белсенді қатысады деп сенеміз. Әзірше сайлауға негізінен зейнет жасындағы тұлғалар келуде, арасында жастарда кездеседі», — деді сайлау комиссиясының хатшысы Динара Сүлейменова.

Сайлау бюллетенінде екі нұсқа бар: «Иә, қабылдаймын» және «Жоқ, қабылдамаймын». Референдумның маңыздылығын қала тұрғындарының өздері де атап өтуде.

«Бүгін мен таңдау жасауға, дауыс беруге келдім, өйткені мен мұны әрбір қазақстандықтың міндеті деп санаймын. Біз осы елде тұрамыз және біз оның болашағын балаларымыз үшін құруымыз керек», — деді Семей қаласының тұрғыны Бағлан Темірбекова.

Референдум сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

Abai Aqparat.kz

Related Articles