Семейде сайлау қарқынды өтуде
Еліміз бойынша бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өтетін саяси науқан 5 маусымға белгіленген. Осыған орай, Семейдің № 177 учаскесінде референдум бойынша дауыс беру белсенді өткізілуде, деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.
Учаскедегі дауыс беруге қатысатындар саны — 2270 адам және үйде орналастырылған адамдар саны -39 құрайды. Қазіргі таңда 651 адам келіп, дауыс берген.
Сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Ербол Аманғазыұлының айтуынша, барлығы қатаң ережеге сай өтуде.
- Өздеріңіз байқап тұрғандай, халық ауа-райының қолайсыздығына қарамастан келіп, дауыс беріп жатыр. Учаскеде келеңсіз оқиғалар тіркелген жоқ. Үйден дауыс беретін сайлаушылар саны -39. Жарты сағат көлемінде учаскідегі комиссия мүшесі, полиция қызметкері және бақылаушы дауыс беру жәшігін алып үйден дауыс беретін азаматтарға барады. Халық өте белсенділігімен ерекшеленуде. Ең алғаш дауыс берген 18 жасар сайлаушыларымызға Шәкәрім Құдайбердіұлының “Үш анық” кітабын және Шәкәрім университетінің логотипы бар жазба кітапшалары мен қаламсап сыйлыққа берілуде,-дейді 177 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Ербол Аманғазыұлы.
Ережеге сәйкес, белгі қарындашпен қойылған, тазарту іздері немесе қолдан жасаудың өзге де тәсілдері бар бюллетеньдер де жарамсыз деп танылады.
Қала бойынша барлығы 149 учаске жұмыс істеуде. Қала бойынша дауыс берушілердің жалпы саны 228 372 адамды құрайды.
Айта кетейік, референдумға қатысқандардың 50 пайыздан астамы оған нақты дауыс берсе ғана, түзету қабылданады.
Abai Aqparat.kz