Облыс әкімі тұрғындармен кездесті

Абай облысының әкімі Мелькомбинат көшесі, 3, 4, 10, 11 үйлердің тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар жылу жүйесі мәселесін шешуді сұрады, деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.

«Біз орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған жоқпыз. Осы мәселені шешіп берсеңіз. Бұрындары бізде жылу, ыстық су болды, содан кейін мелькомбинат бізді ажыратып тастады, біз ешкімге керегі жоқ болып, түксіз қалдық. Пешті өздеріміз жағамыз, өздеріміз әрең жүргенде, енді екінші қабатқа отын тасуымыз керек. Үйдің өзі ағаштан салынған, кез-келген уақытта өрт болуы мүмкін. Жақында үйлердің бірінде өрт шығып, әрең сөндірген болатын», — деп шағымданды тұрғындардың бірі.

«Біз қала әкімімен бірге оқиға орнына бардық, осы бағытта жұмыстар жүргізілуде, сметалық құжаттар дайындалуда. Жағдай қалпына келеді деп сенемін. Сіздер түсініңіздерші, бір сәтте жағдайды шешу мүмкін емес,оның бәрі қадам қадаммен шешіледі. Біз жұмыстарды биылғы жылы бастап, аяқтауға тырысамыз. Ең бастысы жылу мәселесін шешу керек»,- деп уәде берді Нұрлан Ұранхаев.

Облыс әкімі жауапты органдарға жұмыстың атқарылуына және оны бақылауға алуға тапсырма берді.

Abai Aqparat.kz

Related Articles